Таиландта жоғалған қазақстандық рэперді СІМ де іздеп жатыр

161
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/msuftdgpfRhFuWoDCyeImc6CUQq5GT78dfr9cigY.jpg

«Кисло-Сладкий» лақап атымен танымал қазақстандық рэпер Дархан Жұмабек Таиландта іздестіріліп жатыр. Музыканттың жоғалып кеткені туралы қазақстандық режиссер Парасат Ибраев желіде мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна".

Режиссердің айтуынша, рэпер таңертең Пхукет қаласынан Бангкок қаласына ұшуы тиіс болған, алайда онымен байланысу мүмкін болмаған.

Сондай-ақ ол көші-қон полициясына жүгінгенін және музыканттың сырт келбеті көрсетілген іздеу парағы дайындалғанын мәлімдеді.

Әлеуметтік желілерде де Дархан Жұмабектің жоғалғаны туралы ақпарат тараған. Жарияланған мәліметтерге сәйкес, оны соңғы рет Паттая қаласында көрген болуы мүмкін.

Жағдайға қатысты түсініктеме берген Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Таиландта Қазақстан азаматының жоғалып кеткені туралы ақпараттан хабардар екенін мәлімдеді.

“Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне Таиландта Қазақстан азаматының жоғалып кеткені туралы ақпарат белгілі. Біздің дипломаттар жергілікті құқық қорғау органдарымен және Таиландтың құзыретті қызметтерімен тұрақты байланыста. Қажетті іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Мәселе министрліктің бақылауында”, — деп хабарлады ведомство.

 

评论