Жас кәсіпкердің жетістігі. 17 жастағы Әбдінұр өз кондитерлік цехын ашты

99
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Q0goAYVW7LbQS2E3ubAV0OFffi4g5NhfhVOqwlCA.jpg

Жас кәсіпкер Әбдінұр Жамбыл 17 жасында Қарағанды қаласында жеке кондитерлік цехын ашып, көпшілікке үлгі боларлық жетістікке қол жеткізді. Оның кәсіпкерлік жолы пандемия кезінде басталған, деп хабарлайды “Адырна”.

Әбдінұр 13 жасында YouTube платформасындағы бейнесабақтар арқылы торт әзірлеуді үйрене бастайды. Қызығушылық ретінде басталған іс уақыт өте келе табыс көзіне айналып, 15 жасында ол өз өнімдерін сатуды қолға алған. Алғашқы бенто-торттарын ағасының гүл дүкені арқылы өткізіп, кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгереді.

Жас кондитер бизнесті дамыту мақсатында бастапқыда жоғары оқу орнына түсуден бас тартып, бар күш-жігерін өз ісіне жұмсаған. Кейін көшеде келе жатып кездейсоқ жалға берілетін ғимаратты көріп, болашақ цехтың орнын тапқан.

Кондитерлік цехты ашуға 4 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалған. Оның жартысын Әбдінұр өзі жинаса, қалған бөлігі ата-анасының атына рәсімделген несие арқылы алынған. Несие төлемдерін де жас кәсіпкер өз табысынан өтеген.

Алғашқы кезеңде Әбдінұр барлық жұмысты өзі атқарған. Ол цехты тазалап, тәтті өнімдер дайындап, бизнесті жарнамалаумен де айналысқан. Кейін қызметкерлер қабылдағанымен, туыстары мен достарынан құралған алғашқы команда күткен нәтижені бермеген. Осыдан кейін кәсіби мамандарды жұмысқа алып, ұжымдағы тәртіп пен жауапкершілікті күшейткен.

Кәсіп барысында қиындықтар да кездескен. Серіктестерінің бірі шамамен 900 дана шоколадқа батырылған құлпынай мен 50 бенто-тортқа тапсырыс беріп, төлем жасамаған. Осы оқиғадан кейін кәсіпкер барлық тапсырысқа алдын ала төлем жасау тәртібін енгізген.

Қазіргі таңда Әбдінұр университетте экономист-бухгалтер мамандығы бойынша білім алып жүр. Оның командасында 9 қызметкер жұмыс істейді. Ал кондитерлік өнімдерінің ішінде ең қымбат торттың бағасы 290 мың теңгені құрайды.

Әбдінұр Жамбылдың оқиғасы еңбекқорлық пен табандылықтың арқасында жас кезден-ақ үлкен жетістіктерге жетуге болатынын көрсетеді.

评论
其他材料