Түркіменстан президенті профессор және академик атанды

121
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/TE0tPPYqQdMyLcex58m24zeyhNnUawuwqNrqPdBm.jpg

Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедов экономика және саясаттану мамандықтары бойынша профессор атағын алып, Түркіменстан Ғылым академиясы академигі болып сайланды. Бұл туралы «Алтын ғасыр» басылымы жазды, деп хабарлайды "Адырна".

Жаңа ғылыми мәртебелер мемлекет басшысына Түркіменстанда 12 маусымда атап өтілетін Ғылым күні қарсаңында берілді. Салтанатты рәсім Ғылым академиясында өтті.

Бердімұхамедовке профессор атағы ұлттық және жалпыадамзаттық маңызы бар ғылыми-өндірістік, инновациялық-өнеркәсіптік, әлеуметтік-экономикалық және ғылыми-техникалық реформаларды жүзеге асырудағы зор еңбегі, сондай-ақ бейбіт ішкі және сыртқы саясат жүргізіп, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге қосқан үлесі үшін берілгені атап өтілді.

Сонымен қатар ол халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту, ғылым мен білім беру салаларын дамыту, денсаулық сақтау жүйесін халықаралық стандарттарға сәйкестендіру, экономика мен өндірісте жаңа технологияларды енгізу, білімді жас ұрпақты тәрбиелеу және Түркіменстанның халықаралық беделін нығайту бағытындағы қызметі үшін академик болып сайланды.

Осылайша, 44 жастағы Сердар Бердімұхамедов әкесі — Түркіменстанның екінші президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің жолын қайталады. Елде Аркадаг («Қамқоршы») деген атпен танымал Гурбангулы Бердімұхамедов медицина ғылымдарының докторы, экономика ғылымдарының докторы, профессор әрі академик болған.

Оның авторлығымен медицина, философия, мәдениет, руханият, алабай тұқымды иттер, ақалтеке жылқылары және спорт тақырыптарына арналған 60-тан астам кітап жарық көрген. Ал Сердар Бердімұхамедовтің атынан әзірге төрт кітап жарияланған.

Айта кетейік, Сердар Бердімұхамедов 2001 жылы С.А. Ниязов атындағы Түркімен ауыл шаруашылығы университетін «инженер-технолог» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2008–2011 жылдары Түркіменстанның Ресейдегі елшілігінде кеңесші-уәкіл қызметін атқарды. Осы кезеңде Ресей Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясында «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша екінші жоғары білім алды.

2014 жылы Түркіменстан Ғылым академиясында кандидаттық диссертациясын қорғап, ал 2015 жылы докторлық диссертациясын сәтті қорғап, техника ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алды. 2022 жылдың наурызында Түркіменстан президенті болып сайланды.

评论
其他材料