Ресейден ауғандар ағынын тежеу. Грузия ыхтиярхат тәртібін күрт күшейтпек

256
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/fb7zDiq9L3ZQtrNsql3b0NmStjJYFFBvz4WAcsIs.jpg

8 маусымда Грузияның ішкі істер министрлігі елдің көші-қон заңнамасына өзгерістер енгізу жөніндегі заң жобасын әзірлегенін мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Егер бұл түзетулер қабылданса, шетелдік студенттер мен Грузия азаматтарының жұбайлары үшін тұру ықтиярхатын алу талаптары едәуір қатаңдайды. Атап айтқанда, грузин жоғары оқу орындарына түсетін шетел азаматтарынан мемлекеттік немесе оқу тілін меңгергенін растайтын құжат талап ету ұсынылып отыр. Сонымен қатар білім беру мекемелеріне шетелдік студенттерді қабылдау бойынша квота белгілеу жоспарланған.

Оқу мақсатындағы ықтиярхат тек кәмелетке толған азаматтарға және аккредиттелген оқу орнына түскен жағдайда ғана берілмек. Мұндай рұқсат академиялық үлгерімнің төмендігі, еңбек қызметі талаптарының бұзылуы немесе белгілі бір уақыт аралығында Грузия аумағында болмауы себепті күшін жоюы мүмкін.

Сондай-ақ Грузия азаматтарының шетелдік жұбайлары үшін ықтиярхаттың жеке түрін енгізу ұсынылған. Оны бермес бұрын арнайы комиссия некенің шынайылығын тексереді. Азаматтық немесе ықтиярхат алу мақсатында жасалған жалған неке қылмыстық жауапкершілікке жатқызылуы мүмкін. Мұндай жағдайда адам елден шығарылып, Грузияға 2 жылдан 10 жылға дейін кіруге тыйым салынуы ықтимал. Бұдан бөлек, айыппұл салу, екі жылға дейін үйқамаққа алу немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Түзетулерде сондай-ақ ІІМ-нің Көші-қон департаментіне жедел-іздестіру шараларын жүргізу құқығын беру көзделген. Көші-қон істерін сотта қарау және шағымдану мерзімдерін қысқарту, ал кейбір жағдайларда істерді ауызша тыңдаусыз қарау ұсынылған.

2025 жылдың қазан айынан бастап Грузия бұған дейін айтарлықтай либералды болған көші-қон саясатын біртіндеп қатаңдата бастады. Ал 1 наурыздан бастап елде мигранттарды жұмысқа орналастыру ережелері өзгерді. Енді еңбек келісімшартын жасау үшін жұмыс визасы (D1) немесе тұру ықтиярхаты қажет.

Грузияда жеке кәсіпкер ретінде тіркелген шетел азаматтары қашықтан қызмет көрсетсе де, жұмыс істеуге рұқсат алуға міндетті. Бұл санатқа, мысалы, Ресейден көшіп келгендердің арасында көп кездесетін IT-мамандар кіреді.

Статистикаға сәйкес, 2024 жылы Грузияда тұрақты негізде 250 мың шетелдік тұрған. Бұл ел халқының 6,6 пайызын құрайды. Көрсеткіш он жыл бұрынғыдан он есе жоғары. Шетелдіктер санының өсуіне Ресейдің Украинаға қарсы толық ауқымды соғысы әсер етіп, соғыстан кейін Грузияға Ресейден келген мыңдаған релокант пен Украинадан босқындар қоныс аударған.

Грузияның премьер-министрі Ираклий Кобахидзе көші-қон мәселесі Еуропадағы үдерістер аясында грузин қоғамын ерекше алаңдататынын айтты.

«Еуропалық одақтың кейбір елдерінде мигранттардың үлесі қалай өсіп жатқанын көріп отырсыздар. Сондықтан әрбір грузин патриоты Грузияның ұлттық және діни бірегейлігін берік қорғап, сақтап қалуын қалайды», – деді үкімет басшысы 13 ақпанда.

评论