Қырғызстанның экс-премьерінің ұлы Алматыда қамауға алынды

131
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/O1NbA1ouqgA6hqxpUVZJhmjdTiVbYr88EaJL1sOY.jpg

Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Данияр Үсеновтің ұлы Алматыдағы №18 тергеу изоляторында қамауда отыр. Урмат Үсенов, Қырғызстанның екі азаматы және бір қазақстандық заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысу және трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құру ісі бойынша күдікті ретінде танылған. Бұл туралы Kaktus.media жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Оларға Қазақстан Қылмыстық кодексінің 28-бабының 3-бөлігі және 214-бабының 2-бөлігі 1-тармағы («Қылмыстық топ жасаған заңсыз кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыру»), сондай-ақ 264-бабының 1-бөлігі («Трансұлттық ұйымдасқан топты немесе трансұлттық қылмыстық ұйымды құру, оған басшылық ету не оның құрылымдық бөлімшесін басқару») бойынша айып тағылған.

Тергеу дерегіне сәйкес, келтірілген шығын көлемі 26 миллион теңгені құрайды.

«Сонымен қатар тәркіленген кальян табагының құны 46 миллион теңгеден асады. Тергеу мәліметінше, тәркіленген өнімнің жалпы көлемі 1,6 тоннадан көп. 10 наурызда Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдіктілерді екі ай мерзімге қамауда ұстауға санкция берді», – деп жазды басылым.

Данияр Үсенов – 2009-2010 жылдар аралығында Құрманбек Бәкиев президент болғанда, Қырғызстанның министрлер кабинетін басқарған еді. 2010 жылғы жаппай наразылық акцияларының революцияға ұласуына байланысты қызметінен кету туралы өтініш берген. БАҚ мәліметінше, кейін Ұлыбританияға кеткен. 2017 жылдан бері Беларусь елінде Даниил Урицкий деген атпен тұрады. Қазіргі уақытта «Беларусь ұлттық биотехнологиялық корпорациясын» басқарады.

Қырғызстанның Бас прокуратурасы Үсеновке қатысты қылмыстық іс қозғаған. Оған бейбіт тұрғындарды жаппай ату әрекетін ұйымдастырды деген айып тағылған. Қырғызстан соты оны сырттай 15 жылға бас бостандығынан айырған.

评论
其他材料