Филологияға қарсы жорық. Путин тілді ерекшелеуге шақырды

234
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/FZpYwHxypDNOk27qBBLxoK2mAJHOCU7rFX5Gt8TR.jpg

Ресей президенті Владимир Путин университеттерді филология факультеттерінен бөлек орыс тілі мен әдебиеті факультеттерін ашуға шақырды. Ол бұл ұсынысын 2 маусым күні Ресейдегі орыс тілі мен халықтар тілдерін қолдау саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру жөніндегі кеңес отырысында айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі DW-ге сілтеме жасап.

Путиннің сөзінше, көптеген ЖОО-да орыс тілі мен әдебиеті шетел филологиясы сияқты өзге бағыттармен бірге филология факультеттерінің құрамында оқытылады. Оның пікірінше, мұндай тәсіл «орыс тілінің мемлекет үшін маңызын толық деңгейде көрсетпейді».

Президент өткен жылы аннексияланған Қырым аумағындағы Вернадский атындағы Қырым федералдық университетінде дербес орыс тілі мен әдебиеті факультеті ашылғанын атап өтті.

«Қырымдықтардың бастамасын басқа да федералдық жоғары оқу орындары, әсіресе болашақ тіл және әдебиет мұғалімдерін даярлайтын университеттер қолдайды деп сенемін», – деді Путин.

Отырыс барысында Путин үкіметтің жоғары оқу орындарына арналған жаңа білім беру модулін әзірлеу жоспары туралы да айтты. Бұл бағдарлама аясында студенттер орыс тілінің конституциялық мәртебесін және елдің тіл саясатын оқитын болады.

Өткен жылы Ресей президенті тіл саясатының негізгі қағидаттарын бекіткен еді. Құжатта орыс тілі «мемлекеттіліктің негізі» ретінде сипатталып, оның «дәстүрлі рухани-адамгершілік құндылықтармен» байланысы ерекше атап көрсетілген.

Сондай-ақ құжатта орыс тілінде баламасы бар жағдайда шетелдік сөздерді қолданудан бас тартуға шақырылған.

 

评论