Эпштейн архивтері төңірегіндегі дау. Бонди Трамп туралы мәлімет ашудан бас тартты

83
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/pOUhxdxLAd87VhCt5vEF1cT2kbACAl8NZXxHvmbG.jpg

Фото: Getty images 

АҚШ-тың бұрынғы Әділет министрі Пэм Бонди Конгресте өткен жабық тыңдауда қаржыгер Джеффри Эпштейн ісіне байланысты президент Дональд Трамп туралы қойылған сұрақтарға жауап беруден бас тартты, деп хабарлайды "Адырна".

Бонди АҚШ Өкілдер палатасының арнайы комиссиясында өткен төрт сағаттық жабық отырысқа қатысты. Тыңдаудың баспасөзге ашық бөлігінде ол Трамп әкімшілігі Эпштейнге қатысты архивтік құжаттарды жариялау барысында «бұрын-соңды болмаған ашықтық» танытқанын мәлімдеді.

Алайда жабық сессия аяқталғаннан кейін Демократиялық партия өкілдері бұрынғы министрдің президентке қатысты сұрақтардың барлығынан жалтарғанын айтты. Конгресс мүшелерінің мәліметінше, Бонди тыңдауға Әділет министрлігінің заңгерімен бірге келіп, сапарының ерікті сипатта екенін алға тартып, көптеген сұрақтарға жауап беруден бас тартқан.

Өкілдер палатасының Бақылау комитетіндегі демократтардың өкілі Роберт Гарсия Бондидің Трамптың Эпштейнге қатысты архивтік материалдарды жариялау кезінде қандай да бір цензура жасау туралы нұсқау берген-бермегеніне қатысты сұрақтарға жауап бермегенін мәлімдеді.

Ал конгрессмен Джеймс Уокиншоу Трамптың Эпштейннің қылмыстары жөнінде олардың әшкереленуіне дейін қаншалықты хабардар болғаны туралы сұрақ қойылғанын айтты. Оның сөзінше, Бонди бұл мәселеге қатысты тек «Оның қаншалықты білетінінен хабарым жоқ» деп қысқа жауап берген.

Демократтар әкімшілік Эпштейн ісіне қатысты кейбір қолайсыз мәліметтердің жария болуына жол бермеуге тырысып отыр деп санайды. Олар архивтік құжаттарды жариялау барысында Әділет министрлігі бірнеше жәбірленушінің жеке деректері мен құпия фотосуреттерінің жария болып кетуіне жол бергенін де еске салды.

Джеффри Эпштейн 2019 жылы кәмелетке толмағандарды жыныстық қанау желісін ұйымдастырды деген айыппен қамауға алынған болатын. Сол жылдың тамыз айында ол Манхэттендегі түрме камерасында өлі күйінде табылды. АҚШ Федералдық тергеу бюросы мен Әділет министрлігі оның өлімін өзіне-өзі қол жұмсау деп қорытындылаған.

Эпштейнге қатысты сот құжаттарының жариялануы халықаралық деңгейде үлкен резонанс туғызды. Құжаттарда АҚШ-тың бұрынғы президенті Билл Клинтон, Ханзада Эндрю және Дональд Трамп секілді танымал тұлғалардың есімдері аталғанымен, олардың басым бөлігіне Эпштейннің қылмыстарына қатысы бар деген тікелей айып тағылған жоқ.

评论
其他材料