Апат салдарынан. Теңізде мұнай өндіру көлемі күрт төмендеді – Reuters

340
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/BZf8W9dkeIfpDL9Yiq4BWj0dvWbNc1TZcnG4Q6wc.webp

26 мамырда Қазақстандағы ең ірі мұнай кен орны – Теңіздегі тәуліктік мұнай өндіру көлемі  125 мың тоннадан 5–10 мың тоннаға дейін төмендеді. Бұл туралы Reuters агенттігі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Бұл жағдайға өндірістік ақау себеп болған. Сондай-ақ Теңізден Қазақстан мұнайының шамамен 80 пайызы экспортталатын Каспий құбыр консорциумы жүйесіне жеткізілетін мұнай көлемі де өндірістің төмендеуіне сәйкес қысқарған. Дереккөздердің мәліметінше, қазіргі уақытта кен орнындағы өндіріс біртіндеп қалпына келтіріліп жатыр.

Кен орнын игеруші «Теңізшевройл» компаниясының 50 пайыз үлесіне иелік ететін америкалық Chevron компаниясы Теңіз кен орнында «елеусіз операциялық ақау» болғанын мәлімдеді.

«Компания үшін басымдық – қауіпсіз әрі сенімді жұмысты қамтамасыз ету. «Теңізшевройл» өз қызметі мен коммерциялық мәселелеріне қатысты қосымша ақпарат бермейді», – делінген компания түсініктемесінде.

Энергетика министрлігі де Теңіз кен орнындағы өндірістің төмендеуіне қатысты пікір білдірді.

«2026 жылдың 28 мамырында «Теңізшевройл» компаниясының өндірістік нысандарының бірінде операциялық ақау болып, соның салдарынан мұнай өндіру көлемі уақытша төмендеді. Қазіргі уақытта компания қажетті жедел шараларды қабылдап жатыр. Кен орнындағы өндіріс қалпына келтіру кезеңінде. Қызметкерлерге, халыққа және қоршаған ортаға қауіп төнген жоқ», – деп мәлімдеді министрлік.

Reuters дереккөздері өндірісті бір апта ішінде кезең-кезеңімен қалпына келтіру жоспарланғанын айтқан.

Айта кетейік, Теңіз – Қазақстандағы ең ірі мұнай кен орны. Жобаның операторы – «Теңізшевройл» компаниясы. Компания үлестері Chevron, ExxonMobil, «ҚазМұнайГаз» және «Лукойл» компанияларына тиесілі. Теңіз және Королев кен орындарының өндірілетін мұнай қоры 1,4 млрд тоннаны немесе 11,5 млрд баррельді құрайды. Жалпы барланған қор көлемі бойынша Теңіз кен орнында 3,1 млрд тонна немесе 25 млрд баррель, ал Королев кен орнында 200 млн тонна немесе 1,6 млрд баррель мұнай бар.

评论