Ақ үй маңында тағы да атыс болды. 1 адам қаза тапты

354
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/j0TiphgYM2vFN3WC8VPS1d7G6FftZaVQdkSQ8Zu6.webp

Вашингтонда белгісіз ер адам Ақ үй аумағы маңында атыс шығарды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі DW-ге сілтеме жасап.

23 мамыр күні кешкі уақытта ер адам Ақ үй қоршауына жақындап келіп, сөмкесінен белгісіз қаруды шығарып, Құпия қызмет қызметкерлеріне оқ атқан. Қарулы адам жауап оқтан жараланып, ауруханаға жеткізілген. Кейін оның сол жерде қайтыс болғаны белгілі болған.

Шабуыл жасаған адамның жеке басы туралы ақпарат ресми мәлімдемеде көрсетілмеген. Ведомство тергеу жүргізіліп жатқанын және қосымша мәліметтер «қолжетімді болған кезде» жарияланатынын хабарлады.

Атыс кезінде кездейсоқ өтіп бара жатқан бір азамат та жараланған. Оның жағдайы туралы ақпарат берілмеген. Ал Құпия қызмет қызметкерлерінің ешқайсысы зардап шекпеген.

Атыс дыбыстары америкалық ABC телеарнасының эфиріне түсіп қалған. Журналист Селина Ван Ақ үй аумағынан репортаж түсіріп жатқан кезде бірнеше рет оқ атылғанын естігенін айтқан. Осыдан кейін журналистерге ғимарат ішіне жасырынуға бұйрық берілген.

АҚШ президенті Дональд Трамп оқиға кезінде Ақ үйде болған. Бұл оқиға оның жұмысына әсер етпеген. Құпия қызмет мәліметінше, ол жағдайдан хабардар етілген. Алайда мұндай жағдайларға әлеуметтік желіде пікір білдіретін Трамп бұл жолы ешқандай жазба жарияламаған. Оқиғадан бұрын оның соңғы жазбасы Иранмен соғыстың жақын арада аяқталуы мүмкін екені туралы болса, шамамен бес сағаттан кейін ол АҚШ Демократиялық партиясын сынға алған пост жариялаған.

Ақ үй маңында оқ атқан ер адамның мотиві әлі белгісіз. Дегенмен, бұл 2024 жылдан бері Трамп пен оның әкімшілігіне жасалған немесе жоспарланған шабуылдардың төртінші жағдайы екені айтылды.

评论
其他材料