Қазақстан транзиттік елден қосылған құнды логистикалық хабқа айналуы тиіс – депутат ұсыныстары

151
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Oc5z21LEVmfCwH4igDsfGyQVB49pHqiSLarrmQac.jpg

Мәжіліс депутаты Әбутәліп Мүтәлі Қазақстанның халықаралық транзиттен толық пайда көре алмай отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Оның айтуынша, ел тек транзиттік дәліз емес, қосымша құн қалыптастыратын көлік-логистикалық хабқа айналуы қажет.

Депутаттың сөзінше, бүгінде Қазақстан арқылы өтетін жүк көлемі артып келеді. 2025 жылдың қорытындысында транзит көлемі 36,9 млн тоннаға жеткен. Алайда халықаралық тасымалдан түсетін миллиардтаған долларлық табыс толық игерілмей отыр.

Ол қазіргі Smart Cargo, логистикалық паспорт, қағазсыз құжат айналымы секілді жобалар бір-бірімен байланыспай, бытыраңқы дамып жатқанын айтты. Сонымен қатар кәсіпкерлер жүктің қозғалысын толық бақылай алмайтынын атап өтті.

Мүтәлі халықаралық тәжірибеде табыс тек транзиттен емес, жүк өңдеу, қаптау, сертификаттау және қайта экспорттау сияқты қызметтерден түсетінін мысалға келтірді. Ол БАӘ-дегі Джебель-Али, Сингапурдағы Туас және Германиядағы Дуйсбург порттарын атады.

Осыған байланысты депутат Үкіметке индустриялық-логистикалық хабтардың арнайы режимін енгізуді, барлық логистикалық жүйені цифрландыруды, алдын ала цифрлық төлем есептемесін жасауды және 2035 жылға дейінгі ұлттық даму бағдарламасын әзірлеуді ұсынды.

Оның пікірінше, бұл шаралар Қазақстанның транзиттік елден қосылған құн экономикасы қалыптасқан логистикалық державаға айналуына мүмкіндік береді.

评论