Ақмола өңірі экотуризмді дамытудың жаңа кезеңіне қадам басты

200
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/FGlm0QAXz6GLH9mOlStaAeh7T1eRMESEWnvK73Cn.jpg

Ақмола облысында 2026 жылы үш ірі экологиялық парк ашу көзделіп отыр. Қазіргі таңда жобалар Зеренді, Ақкөл және Целиноград аудандарында кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Облыстық туризм басқармасының баспасөз хатшысы Әсем Мұқымованың мәліметінше, экопарктердің бірі Зеренді ауданында орналасқан демалыс аймағы негізінде қалыптасып, бүгінде келушілерге есігін айқара ашқан. Көкшетау қаласынан небәрі 50 шақырым қашықтықта орналасуы нысанды қысқа мерзімді демалыс үшін қолайлы орынға айналдырып отыр. Аумағы Зеренді көлі мен «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркімен шектесетіндіктен, мұндағы туристік әлеует жоғары бағалануда. Жоба аясында экологиялық туризм мен белсенді демалыс бағыттары дамытылып, жаяу және веложолдар, спорт алаңдары, сондай-ақ шаңғы-роллерлік трасса қарастырылған.

Бүгінде демалыс аймағында инфрақұрылымдық жұмыстар жүргізіліп, сәндік кіреберіс арка, орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылған, жарықтандыру жүйесі іске қосылған. Сонымен қатар әткеншектер, фотозона, воркаут және спорт алаңдары пайдалануға берілген. Алдағы уақытта туристік соқпақтарды абаттандыру және «Смольная» шоқысына қарау алаңын салу жоспарланып отыр.

Ақкөл ауданында да экотуризм бағытындағы ауқымды жоба жүзеге асырылуда. 60 гектар аумақты қамтитын экопарк «Wyndham Residence Aqkol» қонақүй кешені жанынан дамып келеді. Астана қаласынан шамамен 120 шақырым қашықтықта орналасқан бұл аумақ елорда тұрғындары үшін де қолжетімді демалыс орны болмақ. Жоба шеңберінде глэмпинг аймақтары, қонақ үйлер, жаяу және веложолдар, сондай-ақ емдік-сауықтыру бағытындағы инфрақұрылым қарастырылған.

Қазіргі уақытта мұнда серуен бағыттары қалыптастырылған. Бұдан бөлек, экологиялық таза материалдарды пайдалана отырып бес туристік соқпақ салу, орындықтар мен бағыттаушы белгілер орнату, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған тактильді жолақтар жасау жоспарлануда. Жобаны толық аяқтау мерзімі биылғы жылдың 1 тамызы деп белгіленіп отыр.

Целиноград ауданындағы «BalQaragai» демалыс аймағы да экопарк ретінде қайта жаңғырып келеді. 55 гектар аумақты қамтитын бұл кешен Астанаға жақын орналасуының арқасында отбасылық және қысқа мерзімді туризм үшін тартымды орынға айналмақ. Мұнда демалыс пен табиғатты тамашалауға арналған аймақтармен қатар спорттық-ойын-сауық инфрақұрылымы да жұмыс істеп тұр: этноауыл, аквапарк, спорт алаңдары, атпен серуендеу манежі, балалар алаңдары мен өзге де нысандар бар.

Жоба аясында қосымша туристік соқпақтар мен ат маршруттарын дамыту, кемпинг алаңын құру және веложолдар салу жоспарланған.

Облыста экотуризмді дамыту тек демалыс орындарымен шектелмей, жаңа туристік бағыттарды қалыптастырумен де ұштасып отыр. Соның ішінде сакралды және тарихи-мәдени нысандарға бағытталған маршруттарды дамытуға басымдық берілген. Бурабай өңірінің тарихи-археологиялық әлеуетін ашу да күн тәртібінде тұр.

Ведомство өкілінің айтуынша, 2024 жылдан бері жүргізілген археологиялық зерттеулер нәтижесінде бірқатар құнды нысандар анықталған. Солардың негізінде алдағы маусымда жаңа туристік бағыттар іске қосылады деп күтілуде. Атап айтқанда, «мұртты қорғандар» сияқты көне ескерткіштерді қамтитын маршруттар жеке инвестициялар есебінен де дамытылмақ.

«Туристерге өңірдің бай тарихы мен мәдени мұрасын кеңінен таныстыруға бағытталған арнайы экскурсиялар ұсынылады», - деді Әсем Мұқымова.

Айта кетейік, қазіргі таңда «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде жалпы ұзындығы 180 шақырымнан асатын 27 туристік бағыт жұмыс істеп тұр.

Жалпы жоспарға сәйкес, 2028 жылға дейін Ақмола облысында жеті экопарк құру көзделген. Бұл бастама өңірді еліміздегі экотуризмнің маңызды орталықтарының біріне айналдыруға бағытталып отыр.

评论
其他材料