Тәшиевке қатысты іс құпия режимде қаралады

188
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/WnB3hLOqMyUvcPn6G39DimfSmrOwkb6YZSrwojUv.jpg

Қырғызстан МҰҚК бұрынғы төрағасы Қамшыбек Тәшиевтің ісі сотқа жолданды. Бұл туралы адвокат Икрамидин Айтқұлов айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Елдің бас прокуратурасы экс-төрағаға қатысты қылмыстық іс бойынша айыптау актісін бекіткен. Ол билікті күшпен басып алуға дайындалды және қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деп айыпталуда.

Іс Первомай аудандық сотының қарауына жіберілген.

«Қылмыстық іс құпияланған. Бұл барлық сот отырысы жабық форматта өтетінін білдіреді. Тергеу мен сот материалдарын жариялауға ешкімнің құқығы жоқ», – деді адвокат.

Тәшиев төңірегіндегі саяси дағдарыс биылғы жылдың ақпан айында Қырғызстан президенті Садыр Жапаров атына жолданған ашық үндеуден кейін басталған еді. Онда президент сайлауын 2027 жылдың қаңтарында емес, 2026 жылы өткізу ұсынылған. Хатқа бұрынғы депутаттар, министрлер, шенеуніктер және қоғам қайраткерлерін қоса алғанда 75 адам қол қойған.

Келесі күні Тәшиев Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары және МҰҚК төрағасы қызметінен босатылды. Ол кезде Германияда болған.

Осыдан кейін билік өкілдері Садыр Жапаров пен Қамшыбек Тәшиев арасына жік салу әрекеттері болғанын мәлімдеді. Президенттің баспасөз хатшысы Асхат Алагөзов қызметтен босату «бірлікті сақтау үшін» қажет болғанын айтқан.

Кейін Тәшиевтің үш орынбасары да қызметтерінен босатылып, бірнеше бұрынғы жоғары лауазымды шенеунік, оның ішінде экс-ішкі істер министрі Курсан Асанов ұсталды. Ал Садыр Жапаров мерзімінен бұрын сайлау өткізу науқанын ұйымдастырушылар «халықты шатастыра бастады» деп мәлімдеген болатын.

 

 

评论