Венгрияның жаңа үкіметі "Росатомның" қатысуымен жүзеге асырылып жатқан АЭС құрылысы туралы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы DW-ға сілтеп.
Бұл туралы елдің экономика және энергетика министрі қызметіне кандидат Иштван Капитань парламенттік тыңдау барысында мәлімдеді.
Оның айтуынша, жаңа үкімет "Пакш-2» атом электр станциясы жобасының қаржыландыру тетіктері мен келісімшарттарының шарттарын жан-жақты зерттеуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ Капитань Венгрия үшін ашық әрі айқын ядролық стратегияның маңызын атап өтті.
9 мамырда қызметіне кіріскен Венгрия премьер-министрі Петер Мадьяр бұған дейін де «Пакш-2» жобасына қатысты барлық келісімдерді тексеруге дайын екенін айтқан. Оның пікірінше, жобаның құны негізсіз жоғары болуы мүмкін.
Венгрия мен Ресей арасындағы атом электр станциясын кеңейту туралы келісім 2014 жылы тендер өткізілместен жасалған. Құны 12,5 млрд еуро болатын жоба аясында «Пакш» станциясында ресейлік екі ВВЭР реакторын салу көзделген.
Жоба бірнеше рет кейінге қалдырылған. 2024 жылы АҚШ әкімшілігі «Пакш-2» құрылысына санкция енгізгенімен, 2025 жылы бұл шектеулердің күші жойылды. Сонымен қатар, 2025 жылдың қыркүйегінде Еуроодақ соты Венгрияның жобаға қаржылай қатысуына рұқсат берген Еурокомиссия шешімінің күшін жойған.
Соған қарамастан, 2026 жылдың ақпанында жаңа энергоблоктардың құрылысы басталып, Росатом реактор іргетасына алғашқы бетон құйылғанын хабарлады.
