Мәскеудегі төтенше парад бір сағатқа да жетпеді

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/oM31S2aqGqJA89hTGiQQatG2Zzx9gKArBBo4WAib.jpg

Фото: kremlin.ru

 Мәскеудегі Қызыл алаңда Екінші дүниежүзілік соғысындағы Жеңістің 81 жылдығына арналған әскери парад өтті. Биылғы іс-шара шамамен 45 минутқа ғана созылды, деп хабарлайды "Адырна" порталы "Азаттық радиосына" сілтеп. 

Бұл жолы парад алғаш рет көп жылдан бері әскери техниканың қатысуынсыз өтті. Кремль бұл шешімді «жедел жағдайға» байланысты деп түсіндірді. Дегенмен, әуе техникасының көрсетілімі сақталды.

Ресей Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, жаяу колонна құрамында барлық түрдегі жоғары әскери оқу орындарының курсанттары, сондай-ақ Украинадағы соғысқа қатысқан әскери қызметшілер болған. Телетрансляция барысында диктор шараға Солтүстік Корея әскери қызметшілерінің де қатысқанын хабарлады.

Ресей президенті Владимир Путин салтанатты сөз сөйлеп, Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарды еске алып, бір минут үнсіздік жариялады.

Парадқа Беларусь, Қазақстан, Өзбекстан, Малайзия және Лаос елдерінің басшылары қатысты. Сондай-ақ Ресей мойындаған, бірақ халықаралық қауымдастық мойындамайтын Оңтүстік Осетия мен Абхазия басшылары да келген. Ал Словакия премьер-министрі Роберт Фицо Мәскеуге келгенімен, парадқа қатыспаған.

Der Spiegel басылымы Ресей билігі Қызыл алаңдағы парадқа қатысуы тиіс шетелдік журналистердің аккредитациясын қайтарып алғанын хабарлаған. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұл ақпаратты жоққа шығарып, «Der Spiegel дұрыс емес мәлімет таратты» деді. Дегенмен, ол журналистер санының шектелгенін растады.

Биыл Жеңістің 81 жылдығы аталып өтуде. Өткен жылы, мерейтойлық парадқа 10 мыңнан астам әскери қызметші, соның ішінде Украинадағы соғысқа қатысқандар да болған еді.

Ресей 8–9 мамыр күндеріне біржақты түрде уақытша бітім жариялаған еді. Алайда Мәскеу бұл бітім бұзылған жағдайда Киев орталығына соққы беру мүмкін екенін ескерткен. Украина президенті Владимир Зеленский 6 мамырдан бастап атысты тоқтатуды ұсынғанымен, Ресей бұған келіспей, шабуылдарды жалғастырған.

8 мамыр түнінде Ресей өңірлері де ауқымды шабуылдарға ұшырағаны хабарланды.

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей мен Украина арасында үш күндік бітім туралы келісім жасалғанын мәлімдеді. Кейін Киев пен Мәскеу бұл келісімді растаған.  Сонымен қатар тараптар 1000-ға 1000 формуласы бойынша ауқымды әскери тұтқындар алмасуын жүзеге асыруға уағдаласқан. Трамп бұл қадамды «ұзаққа созылған, қанды әрі ауыр соғыстың аяқталуының бастамасы болуы мүмкін» деп бағалап, Ресей президенті Владимир Путин мен Украина президенті Владимир Зеленскийге бастаманы қолдағаны үшін алғыс білдірді. Зеленский үш күндік бітімді және тұтқын алмасу келісімін растады. Оның айтуынша, Украина үшін басты гуманитарлық мәселе – әскери тұтқындарды елге қайтару. «Қызыл алаң біз үшін тұтқынға түскен украин азаматтарының өмірінен маңызды емес», – деген Украина президенті 9 мамырда Мәскеу қаласында парад өткізуге «рұқсат беретін» жарлыққа қол қойғаны БАҚ-та біраз дау тудырғаны белгілі.

评论
其他材料