Мемлекеттік мүдде жеке пікірлер мен қызба эмоция аясында түзілмейді

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Qnq8IXeX1J4Rsvtj3OsIY35pS33XBxlhw1jmxEo7.webp

Әлемдегі жағдайларға қатысты әр адамның жеке көзқарасы бар. Бірі бейтарап қалады, бірі қандай да бір тарапты қолдап, қызу пікірталасқа кіріп кетеді. Қазіргі Таяу Шығыста болып жатқан қақтығыстарға қатысты да дәл солай. Иранды қолдайтындар бар, АҚШ пен Израильді қолдайтындар бар. Бұл мәселеге дін тұрғысынан қарайтын жандар бар. Бұл майданды экономика бойынша саралайтындар бар дегендей. Кей жандар масштабты деңгейде, геосаяси ойынның бір бөлігі ретінде түсінік беруге тырысады.

Осылай болуы тиіс те. Ой еркіндігі мен плюрализм болғаны жақсы. 

Бірақ, мемлекеттердің мүддесі дегенді де ұмытпаған жөн. Таяу Шығыстағы процесстерде әр ел өз мүддесін қорғауға тырысып жатыр. Қарумен, дипломатиямен, бопсамен. Мемлекеттік мүддені қандай жолмен қорғау маңызды емес, маңыздысы қорғап шығу. 
Біздің де өз мемлекеттік мүддеміз бар. Кей адамдар күні кеше Израиль президентінің бізге жасаған сапары мен «Ибраһим келісімдеріне» қосылуымызды сынап, «оның бізге не керегі бар, Израильмен қатынасты үзу керек» дегендей жазуда. Бірақ мемлекеттік мүдде жеке пікірлер мен қызба эмоция аясында түзілмейді. Ол есепке негізделеді. 

Израильмен бізде байланыс орнаған. Сауда қатынасы да жақсы. Біз оларға мұнай сатамыз. Мұнайдың көбін бізден және Әзербайжаннан алады. Түсті металдар жеткіземіз. Олардан жоғары технология, ауыл шаруашылық құралдарын алудамыз. Медицина аясындағы байланыстар дамуда. Су тапшылығын реттеуде әлемде Израильдің озық технологияларын пайдаланып жатқандар бар.

Бізге де солай етуге болады. Қорғаныс саласындағы байланысты арттыруға да болады. Осының бәрін ысырып тастау барып тұрған ақымақтық болар еді. 

Ал «Ибраһим келісімдеріне» келетін болсақ, бұл келісімге бірінші болып араб елдері қосылды. Келісімнің мақсаты Израиль мен араб елдері арасындағы қарым-қатынасты қалыпқа келтіру еді. Кейін «араб елдері» деген сөздің орны алмасып, басқа елдер де қосыла алатыны айтылды. Біріккен Араб Әмірліктері және Бахрейн алғаш болып Израильмен ресми дипломатиялық байланыс орнатты. Одан кейін Судан мен Марокко да осы келісімдерге қосылды. Сөйтіп бесеуі сауда, туризм және қауіпсіздік салаларында ынтымақтасуға келісті.

Яғни, келісімнің басты мақсаты - мемлекеттер арасындағы қайшылықтарды азайту.

Бізде Израильмен қандай да бір қайшылық онсыз да жоқ. Бұл келісім үлкен өзгеріс әкеле қоймас, бірақ жаңа мүмкіндіктер терезесін ашады. Мысалы, қорғаныс саласындағы байланысты күшейтуге болады. Марокко осы келісім аясында Израильден қару алуды арттырды дегендей. 

Бұл байланыстар, келісімдер біздің Таяу Шығыстағы ұстаным мен көзқарасты өзгерте қоймайды. Біз араб әлемімен байланысты күшейтіп жатырмыз. Палестина мәселесінде «екі ел принципін» қолдаймыз. Израильмен байланысты жақсартудамыз. Иранмен экономикалық байланыс пен логистикалық жобалар бар дегендей. Бұның бәрі біздің мемлекеттік мүддеге сай әрекеттер.

Ashat Kasengali

 

 

 

相关新闻

评论
相关新闻