Шынайылық пен қарапайымдылық

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/MCbbjH77K51V1rVc6WGd0OE5J70YZVXvNRrVszpp.jpg

Осыдан 8 жылдай уақыт бұрын жас жігіт Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясына емтихан тапсырып, автобуспен ауылына жол тартып бара жатты. Түн іші болатын. Грант жауабы жөнінде телефонына хабарлама келіп, аталмыш жігіт хабардағы тізімнен өз аты-жөнін көргенде қуанғанан айғайлап жіберді.

Автобустағы ұйықтап жатқан өзге жолаушылар шошып кетіп не болғанын сұрайды. Ал бозбала болса, өзінің Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясына «Музыкалық театр әртісі» мамандығына грантқа түскенін қуана айтады. Автобустағы сапарластар болашақ актердің алғашқы қадамына құтты болсын айтып, көрімдіктерін беріп, ақ баталарын жаудырды. Қуанышын сапарластарымен бөліскен бұл жігіттің аты-жөні Сүндетхан Дүйсехан. 

Қазіргі кезде Астана қаласы әкімдігінің музыкалық жас көрермендер театрының актері. Театр сахнасындағы тұңғыш рөлі М.Әуезовтің «Абай-Тоғжан» драмасындағы Аққозы бейнесі болатын. Сүндетхан Дүйсехан сомдаған Аққозы бейнесі – «Абай–Тоғжан» драмасындағы күрделі әрі әлеуметтік мағынасы терең кейіпкерлердің бірі. Аққозы – жеке адам ғана емес, бүкіл қоғамның қысымын алып жүрген бейне. Оның мінезіндегі қаталдық – жеке қасиеттен гөрі, заман талабынан туған мінез. Аққозы бейнесі – махаббат трагедиясының қарсы беті. Ол – Абай мен Тоғжанның сезіміне қарсы тұрған күш қана емес, дәуірдің қатал заңының көркем бейнесі. Сүндетхан Дүйсехан  бұл кейіпкерді нанымды, психологиялық тереңдікпен жеткізе отырып, көрерменге ой салатын образ жасайды.

Аққозыны Сүндетхан осылай ерекшелендіреді. М.Омарованың «Шәмші» мюзикліндегі Жарас бейнесі эпизодттық рөл болса да, көрермен есінде сақталатын кейіпкер. Жарас-қызғаншақ, ашуға тез берілгіш жан. Бірақ, Сүндетхан-Жарасты сахна алаңында ақтай біледі. Ол Шәмшінің милициядан құтқарғанына алғысын білдіріп, кешірім сұрайды. Яғни, актер Сүндетхан Жарастан нағыз ер жігітке тән болмысты аша алды.

А.Володиннің «Қоштасқым келмейді» драмасындағы Сүндетхан нұсқалайтын  Валера туындыдағы мәселе тудырушы, қозғаушы бейне. Валера – сырттай қарағанда қарапайым фотограф. Бірақ оның мамандығы символикалық мәнге ие,  ол сәтті «тоқтатып», уақытты ұстап қалуға тырысатын адам. Ал шын өмірде ол керісінше – уақыттың, сезімдердің өтіп бара жатқанын тоқтата алмайтын тұлға. Кейіпкер көп жағдайда сырттай ашық көрінгенімен, ішінде терең жалғыздық жатыр. Ол өзін толық түсінетін адамды таба алмайды.

Бұл – драманың негізгі эмоционалдық өзектерінің бірі.  Валера – бұл жай ғана фотограф емес, ол уақытпен, сезіммен, өткенмен күресетін адам бейнесі. Сүндетхан Дүйсехан оны шынайы, әсерлі етіп жеткізіп, көрерменге өмірдің өткіншілігі мен сезімнің бағасын терең сезіндіреді.

Сүндетхан Дүйсехан – сахнада өзіндік қолтаңбасы бар, психологиялық дәлдікке сүйенетін актерлердің бірі. Оның ойыны сыртқы эффектіден гөрі ішкі шындыққа, табиғилыққа негізделеді.  Антон Чехов:«Өнерде ең бастысы – шынайылық пен қарапайымдылық»,-дейді.

Сүндетхан шынайылық қарапайымдылықты бойына сіңіре білді. Сүндетхан-әрқашан сахнаға шығарда бірінші және соңғы рет шығатындай барын салып, әр рөліне үлкен тыңғылықпен қарайды.  Осыдан 8 жыл автобус ішінде отырып, Сүндетханның өнер жолына ақ тілеуін білдірген жолаушылар бүгінде оның театрдағы қойылымдарын тамашалап жүрген болар....

Бахтияр Тұрсын

Театртанушы

评论
其他材料