Астанада блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенова ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Бүгін айыпталушылар соңғы сөздерін айтуы тиіс болған, алайда Төлегенова сотқа келмеді, деп хабарлайды “Адырна”.
Айыпталушылардың адвокаты Гаухар Айтжанованың айтуынша, оның қорғауындағы азамат денсаулығына байланысты келмеген. Судья Адильбек Баймаханов отырыс кезінде бұл жағдайды растайтын құжаттар ұсынылмағанын айтты.
"Сот айыпталушыға растайтын құжаттарды ұсынуға немесе онлайн байланыспен қосылуға екі сағат уақыт береді. Егер құжаттар ұсынылмаса, сот келмеу себебін негізсіз және қылмыстық істі қарауға кедергі келтіру деп санайды", - деді ол.
Осыған байланысты судья екі сағатқа үзіліс жариялады.
Айта кетсек, блогерлерге Қылмыстық кодекстің 214-бабы 2-бөлігі 2-тармағы "Заңсыз кәсіпкерлік" және 218-бабы 2-бөлігі 1-тармағы "Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату)" бойынша айып тағылған.
Мемлекеттік айыптаушы Олжас Хайруллаев екі сотталушыны да тағылған барлық бап бойынша кінәлі деп тануды және мүлкін тәркілей отырып, ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
