Алматыда биыл тұрғын үйлердің қасбетін ауқымды жаңарту жоспарланып отыр. Қала әкімдігінің мәліметінше, негізгі мақсат – ғимараттардың тарихи келбетін сақтай отырып, олардың сыртқы көрінісін заман талабына сай жаңғырту.
«Алматыбасжоспар» компаниясының бас директоры, сәулетші Асхат Сәдуовтың айтуынша, бағдарлама қалалық ортаның сәулеттік келбетін жақсартумен қатар, үйлердің пайдалану сапасын арттыруға бағытталған. Атап айтқанда, жылу және дыбыс оқшаулауын күшейту, сондай-ақ ылғалдан қорғау мәселелері қамтылады.

«Ең алдымен бағдарламаға өткен ғасырдың 1950-жылдарының соңында салынған, қасбеті тозған үйлер енгізіледі. Нысандарды іріктеуде олардың орналасу орны да маңызды – қаланың сәулеттік келбетін айқындайтын негізгі магистраль көшелер бойындағы ғимараттарға басымдық беріледі. Жобалық шешімдер әзірлеу барысында тарихи орта мен қалыптасқан сәулеттік ансамбль ерекшеліктері жан-жақты ескеріледі», – деді ол.
Әкімдікте барлық жұмыс білікті мердігер ұйымдар тарапынан, сәулет және қала құрылысы бақылау басқармаларының тікелей қатысуымен жүргізілетінін айтты.
«Әрбір нысанда жұмыс басталар алдында тұрғындармен міндетті түрде кездесулер өткізіледі. Онда жұмыс кестесі талқыланып, ұйымдастыру мәселелері шешіліп, тұрғындардың ұсыныс-пікірі ескеріледі. Қорытынды жобалық шешімдер меншік иелерінің пікірін ескере отырып қабылданады. Тұрғындарды құлақтандырудың негізгі тәсілі – жұмыс басталар алдындағы тікелей кездесулер, онда жобаның барлық кезеңі егжей-тегжейлі түсіндіріліп, тұрғындардың ұсынысы қарастырылады», - деді Алмалы ауданының әкімі Арман Шәмшин.
«Қазақстанның тас өңдеу саласы одағы» ЗТБ басқармасының төрағасы Дәурен Ағзымов реконструкция кезінде қолданылатын материалдардың сапасына ерекше назар аударылатынына тоқталды. Оның айтуынша, материалдарға беріктік, ұзақ мерзімділік, климаттық әсерлерге төзімділік, экологиялық қауіпсіздік және қолданыстағы құрылыс нормаларына сәйкестік бойынша қатаң талаптар қойылады.

«Материалдардың эстетикалық сипаты мен ғимараттың сәулеттік келбетімен үйлесімі де мұқият сараланады. Қаптау жұмыстарына микрокеуекті құрылымы бар тас пайдаланылады. Мұндай материал қабырғалардың табиғи желдетілуін қамтамасыз етіп, ылғалдың жиналуына және көгерудің пайда болуына жол бермейді, сонымен қатар жоғары деңгейде жылу және дыбыс оқшаулау қасиетіне ие. Жұмыстың соңғы кезеңінде қасбетке гидрофобты өңдеу жүргізіліп, ол жауын-шашыннан қорғап, қызмет ету мерзімін едәуір ұзартады», – деді Дәурен Ағзымов.
Оның айтуынша, 2026 жылдың басында Панфилов көшесі, 126; Жамбыл көшесі, 48; Назарбаев даңғылы, 149 мекенжайларындағы үш тұрғын үйдің қаптау жұмыстары аяқталып, бүгінде біртұтас әрі үйлесімді сәулеттік ансамбль қалыптастырған. «Бұл нәтижелер атқарылған жұмыстардың жоғары сапасын және қолданылған технологиялық шешімдердің тиімділігін айқын көрсетті. Ең бастысы, барлық жұмыс ПИК немесе МИБ қаражаты есебінен емес, қала бюджеті есебінен жүзеге асырылды», – деді ол.
Қасбеті жаңартылған үйлердің тұрғындары жұмысты оң бағалап отыр. «Қала айтарлықтай жаңарып келеді, қасбеттер ұқыпты, көшелер көрікті әрі үйлесімді бола түсті. Бұл әсіресе, орталық көшелерде айқын байқалады», – деді алматылық Тұрар Рахымберлин.

Фотосуреттер «Дейін / Кейін»
Панфилов к-сі, 126


Жамбыл к-сі, 48


Назарбаев даңғылы, 149


Жөнделіп жатқан үйлердің фотосуреттері
Шевченко к-сі, 57

Назарбаев даңғылы, 161

Назарбаев даңғылы, 163


