22 жастағы Қазақстан азаматы Дубайда өмір бойына сотталды

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/dLWYL7gS81CARzryjoiVWlBXYdSOrNzSefvzpEB3.jpg

22 жастағы Қазақстан азаматы Ернұр Алмахан Дубайда өмір бойына сотталып кетті, деп хабаплайды "Адырна".

Ернұр 2024 жылы Біріккен араб әмірліктеріне жұмыс істеуге кеткен. Үй ішімен үнемі хабарласып отырған ол соңғы қоңыраулардың бірінде өзіне жала жабылғанын айтқан. Ал Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің 14 сәуірде берген ақпаратында оның өмір бойына сотталғаны айтылады. Ал қандай баппен істі болғаны белгісіз.

Ернұр Алмаханның анасы Нұргүл Алмаханова баспасөз мәслихатында баласына жала жабылғанын айтып, ұлының өмірбақиға сотталып кетердей қылмыс жасағанына сенбейтінін жеткізді. Анасының айтуынша, ұлы 2024 жылдың қыркүйегінде Дубайға жұмыс істеймін деп кеткен. Жат елге барған сәтінен бастап анасымен екі-үш күн сайын байланысқа шығып тұрған екен. 

"Менің балам 2024 жылы қыркүйектің ортасында Дубайға "жұмыс істеймін" деп кеткен. Нақты қандай жұмыс екенін айтпады, "білмеймін, барған соң өзімнің бастығым тауып береді" деді. Кеткеннен кейін арасында хабарласып тұрды. Қай жерде жүрді, қайда барды, кіммен сөйлесті, соны айтып тұратын. Дубайда такси айдады. 2024 жылы 31 желтоқсанда Жаңа жылмен құттықтады, содан кейін хабарсыз кетті. Ал мен қайда хабарласатынымды білмедім. Ал жақында "Өмір бақи бас бостандығынан айырылды" деген қағаз келді. Балам осылай сотталатындай іс-әрекетке барады деп ойламаймын. Өте ақкөңіл әрі жуас бала. Менің балам жазықсыз сотталып кетті ме деп алаңдаймын. Сол үшін президенттен көмек сұраймын. Егер балам кінәлі болса, осы жерде сотталсын", – деп жылады Нұргүл Алмаханова көмек сұрап.

Араға біраз уақыт салып, баладан хабар болмаған соң ата-анасы өз бетінше консулдық пен сыртқы істер министірлігіне хат жазып, сұрау сала бастайды. Содан 14 cәуірде министірліктің ата-анасына берген ресми хатында  Ернұр Алмаханға қатысты 18 наурызда Біріккен Араб Әмірліктерінің бірінші сатыдағы сотында өмірбақиға сотталды деген үкім шыққаны айтылған. Оған қоса Алмаханға 2 540 000 дирхам, яғни, 300 млн теңге айыппұл салынғаны туралы ақпаратты естіп ата-анасы абдырап қалған.

Ернұр шетелге кетпей тұрып Алматыда кафелердің бірінде бармен болып жұмыс істеген. Анасының айтуынша, бастық деп отырғаны – сол кафенің бастығы. Анасы сол бастығының да қайда екенін білмейді.

2026 жылғы наурызда Біріккен Араб Әмірліктері сотының бірінші инстанциясы Ернұр Алмаханды өмір бойына бас бостандығынан айырған. Қазір іс бойынша апелляциялық шағым беріліп, сот процесі жалғасып жатыр.

"Арада уақыт өтіп, еш хабар болмаған соң баланың әкесі сыртқы істер министрлігі, елшілікке хат жаза бастаған. Әлі күнге дейін анасы баласы Ернұрдың не үшін сотталғанын білмейді. Қолымызда Сыртқы істер министрлігінің бұған дейін туыстары жазған шағымға берген жауабы бар. Баланың жақындары тек осы жауаптан ғана балаларының сотталғанын білген. Біздің Сыртқы істер министрлігі баланың биыл 18 наурыз күні Біріккен араб әмірліктерінде өмір бойына сотталғанын және 2 миллион 540 дирхам (яғни 300 млн теңгеге жуық) айыппұл салынғанын жазған. Хатта 27 сәуір күні оппеляция болатыны айтылған. Дегенмен сыртқы істер министрлігі азаматтың қандай баппен, не үшін сотталғанын, не үшін сонша айппұл салынғаны, жалпы баланың не істеп қойғанын анықтамаған, олар білмейді. Сондықтан біз осы жиында Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің осы істі нақты анықтап, араласуын сұраймыз", – дейді қорғаушы Инга Иманбай.

Осы істі қолға алып отырған заңгер Инга Иманбайдың айтуынша, Ернұр Алмахан Қазақстанның азаматы, қолында еліміздің төлқұжаты бола тұра не министірлік, не сол жақтағы өз мемлекеті мен оның азаматтарының заңды мүдделерін қорғау істерімен айналысатын консулдық Алмахан бір жылдан астам тергеу изоляторында жатқанда, одан соң негізгі сот отырыстарында еш хабар алмағаны ма деген заңдық сұрақ туындайды.  

«Сыртқы істер министірлігі тарапынан шұғыл және нақты әрекет қабылдап, азаматымыздың құқықтары халықаралық деңгейде толық қорғалғанын қалаймыз. Сонымен қатар, істің әділ және жан-жақты тергелуін қамтамасыз етіп, жазаны өтеу немесе экстрадициялау мәселесін қарастырып берсе екен деген талабымыз бар. Бүгін де біз Алмаханның нақты қандай іс бойынша өмірбақиға кеткенінін еш хабарымыз жоқ. Министірлік осыған қатысты нота жолданғанын жазыпты, ал апелляциялық сот  27 сәуірге жоспарланған екен»,– дейді заңгер Инга Иманбай.

评论