Полицейді соққыға жыққандар кешірім сұрады

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/W9B8q2FuADBUElQWv0YPwgLpyHMqOH8edGM8GPdP.jpg

Қостанайда құқық қорғау органы қызметкеріне шабуыл жасаған күдіктілердің кешірім сұраған видеосы жарияланды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, әлеуметтік желілерде қызу талқыланды.

Бұған дейін тараған бейнежазбада қызметтен тыс уақытта балаларымен бірге жүрген полицейдің қоғамдық тәртіпті бұзған үш ер адамға ескерту жасағаны байқалады. Алайда ескертуге ашуланған азаматтар тәртіп сақшысына тап беріп, оған күш қолданған.

Қостанай облыстық полиция департаменті күдіктілердің ұсталу сәтінен кадрларды жариялады. Видеода олар өз әрекеттеріне өкініш білдіріп, тек зардап шеккен полицейден ғана емес, барлық құқық қорғау қызметкерлерінен кешірім сұрайды.

«Қателігімді мойындаймын, өкінемін. Барлық полиция қызметкерлерінен кешірім сұраймын. Мұндай әрекет енді қайталанбайды», – дейді ұсталғандардың бірі.

Белгілі болғандай, бастапқыда күдіктілерге қатысты қамауға алу шарасы бірден қолданылмаған. Алайда іс «билік өкіліне қатысты күш қолдану» бабы бойынша қайта сараланғаннан кейін, олар тергеу изоляторына қамалды.

Қостанай облысы прокуратурасының мәліметінше, қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабы 6-бөлігі 4-тармағы бойынша тергеліп жатыр. Бұл бап бойынша 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сот күдіктілерге қатысты екі ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.

评论