Трампқа Ираннан жарты тонна уранды шығару жоспары ұсынылды

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/0u7P7rneWgr4TddvclcpT8A5klPO9tkWYV3iR1LB.webp

АҚШ армиясының әскери қолбасшылығы ел президенті Дональд Трампқа Иран аумағынан шамамен 450 кг жоғары байытылған уранды басып алып, елден шығару жөніндегі жоспарды ұсынды. Бұл туралы 1 сәуірде The Washington Post жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Мәліметке сәйкес, жоспар аясында Иранға әуе арқылы жер қазу техникасын жеткізу және жүк ұшақтарына арналған ұшу-қону жолағын салу қарастырылған. Осы ұшақтармен радиоактивті материал Ислам Республикасының аумағынан сыртқа шығарылуы тиіс.

Басылымның жазуынша, бұл жоспар Трамптың сұранысынан кейін өткен аптада ұсынылған. Бұған дейін мұндай жоспарды АҚШ әкімшілігі қарастырып жатқаны туралы The Wall Street Journal да хабарлаған еді.

Ирандағы уранды басып алуға бағытталған ықтимал операция жоғары тәуекелді арнайы операция ретінде бағаланып отыр. The Washington Post келтірген сарапшылардың пікірінше, мұндай күрделі тапсырма бұрын-соңды соғыс жағдайында қойылмаған. Бұл миссияны орындау үшін жүздеген немесе мыңдаған әскери қызметкерді және ауыр техниканы әуе арқылы жеткізу қажет болуы мүмкін. Олар радиоактивті материалдарды қазып алып, шығару жұмыстарын қамтамасыз етеді.

Журналистер тілдескен АҚШ Қорғаныс министрлігінің бұрынғы қызметкерлерінің айтуынша, мұндай жұмыстар бірнеше аптаға созылып, Иран аумағының тереңінде, атыс жағдайында жүргізілуі ықтимал.

АҚШ әкімшілігі Иранға ұсынған соғысты тоқтату жөніндегі 15 тармақтан тұратын жоспардың ішінде Тегеранға жоғары байытылған ураннан бас тарту талабы да бар. Иран бұл талапты қабылдамағанымен, соғыс басталмай тұрып-ақ уранды байыту деңгейін төмендетуге дайын екенін жеткізген.

АҚШ әскері Иран уранын басып алу жоспарына қатысты Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт түсініктеме берді.

«Пентагонның міндеті — бас қолбасшыға мүмкін болатын барлық нұсқаны ұсыну үшін дайындық жүргізу. Бұл президент нақты шешім қабылдады дегенді білдірмейді», — деп атап өтті ол.

Ақ үй басшысы Дональд Трамп пен АҚШ Қорғаныс министрлігінің басшысы Пит Хегсет бірнеше рет АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғыстағы мақсаты — Ислам Республикасының ядролық қару жасауына жол бермеу екенін мәлімдеген. МАГАТЭ деректеріне сәйкес, Иранда шамамен 60%-ға дейін байытылған 440 кг-ға жуық уран бар. Бұл — ядролық қару жасауға қажетті байыту деңгейіне өте жақын көрсеткіш.

评论