Қостанай облысында бұрын із-түзсіз жоғалып, іздеуде болған кәмелетке толмаған жасөспірімнің денесі табылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Қостанай облыстық полиция департаменті мәліметінше, жасөспірімнің жоғалу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері Гагарин бөгетінің маңындағы қамыс арасынан оның денесін тапқан. Алдын ала мәлімет бойынша, денесінде зорлық-зомбылық белгілері анықталмаған.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде.
Полиция өкілдері азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және тексерілмеген мәліметтерді таратпауға шақырды.
Еске салайық, индустриалдық колледждің 17 жастағы студенті Владимир Орел 17 наурыз күні жатақханадан шыққаннан кейін жоғалып кеткені туралы ақпарат тараған.
