Заң мен тәртіп: тәрбие мен қауіпсіздікке бағытталған жүйелі жұмыс

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/RFQ8pg8vUHBoa1oIAMQKKitbFPjbrL8Ncp59MvjE.jpg

Жамбыл облысының барлық колледжінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтық мәдениетін қалыптастыру және тәртіпке негізделген орта құру бағытында апталық өткізілді. Бұл бастама жас ұрпақтың саналы, жауапты, заңға құрметпен қарайтын азамат болып қалыптасуына ықпал етуді көздейді.

Апталық аясында облыстағы 42 техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде түрлі іс-шаралар өткізіліп, 10 мыңнан аса студент қамтылды. 

Соның бірі – «Бос уақытты тиімді пайдалану: заңдық тәртіп пен буллингсіз орта қалыптастыру» тақырыбындағы облыстық семинар. Аталған жиында білім алушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру арқылы құқық бұзушылықтың алдын алу, буллингке жол бермеу және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру мәселелері жан-жақты талқыланды.

Семинар барысында құқық қорғау органдарының өкілдері, медиа саласының мамандары мен тәжірибелі педагогтер жастар арасындағы өзекті мәселелерге тоқталды. Атап айтқанда, студенттердің уақыттық ресурстарын тиімді жоспарлау, ақпараттық қауіпсіздік, кибербуллингтің алдын алу, сондай-ақ құқықтық мәдениетті қалыптастырудағы прокуратура мен полиция қызметінің рөлі кеңінен сөз болды.

Сонымен қатар, құндылыққа негізделген тәрбие жүйесін дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Білім беру ұйымдарында READX және «451 градус» жобалары, Көңілділер мен тапқырлар клубы, студенттік өзін-өзі басқару ұйымдары мен түрлі үйірмелердің жұмысы жанданып келеді. Бұл бастамалар білім алушылардың бос уақытын тиімді өткізуге, шығармашылық және зияткерлік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Жалпы, «Заң мен тәртіп» қағидаты – білім беру ұйымдарында тәртіп пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама. Осының аясында ұйымдастырылып жатқан іс-шаралар жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру арқылы қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік беруде.

Осындай кешенді жұмыстардың нәтижесінде өңір жастарының бойында заңға құрмет, тәртіпке бағыну және қоғам алдындағы жауапкершілік сияқты маңызды құндылықтар нығая түсуде.

 

评论