"Керек болады..." Лукашенко Ким Чен Ынға автомат сыйлады

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/42FFWsQbFnyHJMEGqhcLpxRJUBaT1mzXM5MRvzJ6.jpg

Беларусь президенті Александр Лукашенко Пхеньянға сапары барысында КХДР көшбасшысы Ким Чен Ынға автомат сыйға тартты. Бұл туралы «Пул Первого» Telegram-арнасы жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Дұшпандар пайда болып жатса, керек болып қалар»,-деп әзілдеді Лукашенко қаруды табыстау кезінде.

Беларусь басшысы елде атыс қаруы мен оқ-дәрісін өндіру жолға қойылғанын атап өтті. Желіде жарияланған видеодан КХДР көшбасшысына сыйлықтың ұнағаны байқалады. Ол автоматты бірден қолына алып, мұқият қарап шықты.

Сондай-ақ Лукашенко Ким Чен Ынға беларусь өнімдерін сыйлады. Өз кезегінде КХДР көшбасшысы қылыш, үлкен ваза және оның сапарына арнайы дайындалған естелік алтын тиын тарту етті.

Лукашенко КХДР-ға ресми сапармен 25 наурызда Ким Чен Ынның шақыруымен келген. Беларусь басшысының құрметіне Пхеньянда салтанатты рәсім өтті. Ким Ир Сен алаңына мыңдаған адам жиналып, Лукашенконы қарсы алды. Рәсім барысында екі елдің әнұраны орындалып, отшашу атылды. Салтанатты шараға атты әскер мен құрмет қарауылы ротасы қатысты.

Ал бүгін, 26 наурызда Александр Лукашенко мен Ким Чен Ын Пхеньянда ресми келіссөздер өткізіп, екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңі басталғанын мәлімдеді. Келіссөздер қорытындысы бойынша Беларусь пен КХДР арасында достық және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Одан бөлек, тараптар білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, мәдениет, дене шынықтыру және спорт, ақпарат саласы, сондай-ақ Беларусь сауда-өнеркәсіп палатасы мен сыртқы істер министрліктері арасындағы өзара іс-қимылды қамтитын нақты бағыттар бойынша онға жуық келісім мен меморандумдарға қол қойды.

评论