Жапония Ормұз бұғазының іс жүзінде жабылуына байланысты туындаған энергетикалық дағдарыс жағдайында Қазақстанды мұнай импорттайтын негізгі балама бағыттардың бірі ретінде қарастыруда, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Логистиканы қайта қарауға АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы 28 ақпанда бастаған әскери әрекеттері себеп болған. Осыдан кейін Иран Ормұз бұғазын аталған елдердің кемелері үшін жауып, аймақтағы негізгі көмірсутек тасымалы бағыттарын шектеген. Қазіргі таңда Жапония тұтынатын мұнайдың 94%-ы Таяу Шығыстан жеткізіледі.
Ең ықтимал нұсқалардың бірі ретінде INPEX корпорациясының Қазақстандағы жобаларынан өндірілетін мұнай көлемін қайта бағыттау қарастырылуда. Компанияның капиталына Жапония мемлекеті қатысады. Сонымен қатар, INPEX Әзербайжан мен Австралиядағы кен орындарынан жеткізілімдерді қайта бағдарлау мүмкіндігін де зерттеп жатыр.
Сарапшылардың пікірінше, Каспий өңірінен жеткізу бағыттары Парсы шығанағымен салыстырғанда ұзағырақ, сондықтан бұл отынның түпкілікті бағасына әсер етуі мүмкін.
Ұзақ мерзімді шешімдер іздестіру аясында Токио жедел шараларды да қолға алды. 16 наурыздан бастап Жапония мемлекеттік мұнай қорларын пайдалануға кірісіп, нарыққа 80 миллион баррель шығарды. Бұл көлем елдің шамамен 45 күндік тұтынуына тең.
