Бішкек қаласында жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкердің қазасына қатысты оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, қайғылы жағдай қала маңындағы Чон-Арық ауылында, банкет залының жанында болған. 15 наурыз күні кешкі сағат 23:00 шамасында жедел жәрдем қызметіне көлік ішінде ер адамның өзін атып өлтіргені туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнына жедел-тергеу тобы дереу жетіп, марқұмның жеке басын анықтады. Қаза тапқан адамның Құбанышбек Қапалов екені белгілі болды. Ол Қырғызстан бас прокуратурасы жанындағы сот орындаушылары қызметі басшысының орынбасары қызметін атқарған.
Құқық қорғау органдарының алдын ала болжамы бойынша, шенеунік өз-өзіне қол жұмсаған.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты тексеріліп жатыр. Тергеу амалдары жалғасуда.
