Қырғызстан ІІМ жергілікті парламент депутаты Шайырбек Тәшиевті тергеуге шақырды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы 24kg-ға сілтеп.
Ақпаратқа сәйкес, Шайырбек Тәшиев ішкі істер министрлігінің Бас тергеу басқармасында жауап берген. Әзірге министрлік өкілдері депутатқа қатысты жүргізіліп жатқан шараларға түсініктеме бермеді. Сондай-ақ оның қай қылмыстық іс бойынша және қандай мәртебеде екені айтылмады.
Бейресми БАҚ-та Тәшиев депутаттық мандатын тапсыруы мүмкін. Осыған байланысты мәселе Қырғызстанның Орталық сайлау комиссиясы отырысында қаралады деп күтілуде.
Айта кетейік, Шайырбек Тәшиев - Қырғызстанның ҰҚМК экс-басшысы Қамшыбек Тәшиевтің інісі.
Ал 10 ақпанда Қырғызстан президенті Садыр Жапаров ҰҚМК бұрынғы басшысы Қамшыбек Тәшиевті барлық қызметінен босатқан болатын. Президент әкімшілігінің мәліметінше, бұл шешім мемлекет бірлігін нығайту және қоғамдағы ықтимал алауыздықтың алдын алу мақсатында қабылданған.
