АҚШ-тың Мичиган штатындағы Уэст-Блумфилд қаласында қарулы ер адам синагогаға көлікпен соғып, оқ атты. Салдарынан көлік өртенген. Бұл туралы АҚШ Федералдық тергеу бюросы мен штат полициясы мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна".
Синагога жанында балабақша да орналасқан. Оқиға орнынан тұрғындарға алшақ болу және кем дегенде бір шақырым радиуста қауіпсіз жерде қалу ұсынылды.
Окленд округінің шерифі Майкл Бушар және Уэст-Блумфилд полиция бастығы Дейл Янг мәлімдегендей, белгісіз ер адам синагогаға жақындаған, қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері оған атқан. Атыс нәтижесінде шабуыл жасаған адам қаза болды, ал синагогадағы адамдар мен қызметкерлер арасында зардап шеккендер жоқ.
Құқық қорғау органдары шабуылшының жалғыз болғанын немесе басқа адамдар қатысқанын тексеріп жатыр. Әзірге оқиға террористік акт деп ресми танылған жоқ, бірақ округтегі барлық еврей ұйымдарының қауіпсіздігі күшейтілді.
Жанындағы мектептер локдаун режиміне көшірілді. Оқиға орнында полиция, арнайы бөлімшелер және дәрігерлер жұмыс істеп жатыр. Әуеден түсірілген кадрларда ғимараттан шыққан қалың түтін және төтенше шығыстар арқылы адамдардың шыққаны көрінді.
