Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи Израильдің Иран аумағындағы тарихи ескерткіштерге соққы жасап жатқанын мәлімдеп, халықаралық ұйымдардың әрекетсіздігін сынға алды. Оның айтуынша, шабуылға ұшыраған кейбір нысандар XIV ғасырға жатады және олардың бірқатары ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген.
Министрдің сөзінше, мұндай нысандардың бүлінуі тек Иран үшін ғана емес, бүкіл адамзаттың мәдени мұрасы үшін үлкен қауіп төндіреді. Осыған байланысты ол ЮНЕСКО ұйымының бұл жағдайға қатысты үнсіз қалып отырғанын «жол берілмейтін жағдай» деп атады.
Арагчи сондай-ақ қазіргі геосаяси шиеленістер аясында мәдени мұра объектілерін қорғау халықаралық құқықтың маңызды талабы екенін атап өтті. Оның пікірінше, мұндай нысандарға жасалған шабуылдар халықаралық қауымдастықтың назарында болуы тиіс.
Иран тарапы халықаралық ұйымдарды мәдени және тарихи ескерткіштерді қорғауға бағытталған нақты шаралар қабылдауға шақырып отыр. Сонымен қатар Тегеран бұл мәселенің жаһандық деңгейде талқылануы қажет екенін алға тартты.
Еске салсақ, бұған дейін Тегерандағы Гүлстан сарайы және Исфахандағы ортағасырлық Чехел-сотун нысандары АҚШ пен Израильдің зымыран шабуылынан зардап шеккен болатын. Бұл ескерткіштер ЮНЕСКО тізіміне алынған атаулы мұралар болып есептеледі.
