“Қаңғыған дрон мен зымыран кез келген елге жетуі мүмкін”

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/yglODzpRSNTXTxztoDSmYOyzsSpfC2quARJAEO0t.jpg

Парсы шығанағы жақтағы соғыстың беталысын болжау қиын. Қаңғыған дрон мен зымыран кез келген елге жетуі мүмкін. Былтыр 12 күндік қақтығыс кезінде бір дрон Маңғыстау жеріне құлаған. Біздікі емес екені анық еді. Өз басым Иран жақтан келген шығар деп топшыладым. Ал бүгін Түркия жеріне зымыран қалдығы құлады. Сондықтан ерекше сақтық керек.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  тиісті құрылым басшыларына тапсырма беріпті. Президенттің көмекшісі һәм баспасөз хатшысы  Айбек Смадияр жазды.

"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министрге, күштік құрылымдардың басшыларына, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен ұлттық компаниялардың жетекшілеріне, сондай-ақ аймақ әкімдеріне тіршілікті қамтамасыз ететін нысандардың, көлік, энергетика және коммуналдық инфрақұрылымның, соның ішінде әуежайлардың, теңіз және өзен порттарының қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды.  Аталған жұмысты үйлестіру Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысына жүктелді",-деді ол.

Яғни Жоғарғы бас қолбасшы кез келген сценарийге даяр болуды тапсырып отыр. Тиісті құрылым жетекшілері қаңғып келуі мүмкін зымыран мен дрон қаупін естен шығармауы қажет деген сөз. Жарылыс зардаптарынан бөлек, босқындар ағыны да пайда болуы ықтимал. Сосын халықтың сергек әрі ауызбіршілігінің мықты болмағы керек. Біреуміздің парсыларды, тағы біреуміздің арабтарды, үшіншілеріміздің америкалықтарды жақтауымыз тек осы әлеуметтік желіде қалғаны жөн-ау. Мемлекеттің ұстанымын де түсінуге тырысармы, бәлкім. Айтпақшы, қазір әуе қорғанысы күштері кірпік қақпайтын сәт.

Амангелді Құрметұлы

评论