Танымал қазақстандық шахматшы әділетсіздік туралы айтты

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/kwVOlW6Z8LuZHNWOKtjKNfoFGAqOpKthM7FbcfXc.jpg

Қазақстандық шахматшы, блиц бойынша үш дүркін әлем чемпионы Асаубаева спорттағы сексизм мен әділетсіздік туралы пікір білдірді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Tengri-ге сілтеп.

2025 жылдың шілде айында Фишер шахматы бойынша турнирде Асаубаева әлемдік рейтингте 17-орында тұрған америкалық гроссмейстер Леньер Домингес Переспен кездесті.

Ойын ережесіне сәйкес 40-шы жүріске дейін тең ойын ұсынуға болмайтын. Домингес осы ережедегі олқылықты пайдаланып, шамамен 100 жүріс бойы бір позицияны қайталап ойнаған. Соның салдарынан Бибисара Асаубаевамен ойын тең болған. Шахматшы қарсыласының әрекетін құрметсіздік деп бағалады.

Асаубаеваның айтуынша, жоғары рейтингтегі ойыншының өзінен төмен қарсыласын жеңе алмауы психологиялық тұрғыда ауыр болуы мүмкін.

«Оның ақ тастармен ойнап, рейтинг айырмашылығы 200 ұпай болса да мені жеңе алмауы оған жағымсыз болғанын түсінемін. Ол партияны мен өте жақсы өткіздім. Жалпы, мұндай позицияда ойынды созу артық болды», – деді ол.

Сонымен қатар, шахматшы спорттағы сексизм мәселесіне де тоқталды. Оның сөзінше, мұндай жағдайлар сирек кездеседі.

«Негізі ондай жағдайлар өте аз болады. Себебі біз бәріміз кәсіби мамандармыз, шахматта көп жылдан бері жүрген адамдармыз және бір-бірімізді жақсы түсінеміз», – деді чемпион.

Айта кетейік, осы турнирде Асаубаева әлемнің үздік шахматшысы Магнус Карлсенмен де ойнаған. Ойыннан кейін Карлсен оның жүрістерін жоғары бағалап, бірнеше кеңес берген.

评论