Түркістанда 4 жасар бала мектепте білім алып жүр

268
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/jKXXeV7rByQD0WA7oqOs1x4RwDXSK1aA8m9KiKV4.webp

Түркістан облысында бастауыш сыныптың бағдарламасын еркін меңгерген төрт жасар бала тұрады. Әли Адамбек есімді бүлдіршін құрдастары әліпби жаттап жүргенде, күрделі есептерді оп-оңай шығарады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.

Оның білімге деген құштарлығын мектеп ұжымы да жоғары бағалап,  ресми түрде оқуға қабылдаған.

«Байқап қарасақ, менің оқушыларымның деңгейінен жоғары. Үш таңбалы сандарды қосып, азайтып жатыр. Екі амалды беріп көрдім. Оны шығарды. Оқи ала ма екен деп әліппені берсек, әліппені де оқыды. Әріптердің бәрін алфавит бойынша тоқтамай 42 әріпті орнын өзгертпей айтып бере алады. Жатқа біледі»,- дейді Алтынтөбе атындағы жалпы орта мектебінің мұғалімі Әлия Миятбекова.

Әлидің ерекшелігін ата-анасы ерте аңғарған. Ол небәрі екі жасында әріп танып, үш жасында сандарды көбейтуге бейімделгенін айтады. Отбасындағы кенже ұлдың зеректігі ағаларының үй тапсырмасына көмектесіп отырғанда байқалған.

«Бір күні қарасам, 3-сыныптағы баламның 105-ші сабақ деген математикалық жинағы бар, соның бір бетіндегі бір таңбалы сандарды қосып алудың бір қатарын шығарып тастап, екінші қатарын жазып жатыр ғой. Ұйықтар алдында үнемі есеп айтайықшы дейді. Солай күнделікті жарты сағат есеп айтамыз. Жасы енді үштен асқан»,- дейді баланың анасы Нұргүл Мырзағали.

Бүгінде төрт жастағы Әли мектепалды даярлық тобын тәмәмдап, жоғары сынып оқушыларымен жарысып есеп шығаруға көшкен. Алғыр баланың қабілеті мұнымен шектелмейді. Әли қазақ әліпбиін толық меңгеріп қана қоймай, қазіргі таңда ағылшын тілінде оқып-жазуға да ерекше ықылас танытып жүр.

评论
其他材料