Қазақстан қысқы Олимпиада ойындарын тарихи нәтижелермен аяқтады

284
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/PkdUjdKM1AEQec4Hu5bzjnersC5lPl8mJkPBcq37.jpg

Италияның Верона қаласында Милан-Кортина-2026 қысқы Олимпиада ойындарының жабылу салтанаты өтті. Бұл туралы ҰОК жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Салтанатты кеш Еуропадағы ең танымал тарихи нысандардың бірі - екі мың жылдан астам тарихы бар әрі ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Арена ди Верона амфитеатрында ұйымдастырылды. Қысқы Олимпиада тарихында алғаш рет жабылу салтанаты осындай көне амфитеатрда өтіп, тарихи орын заманауи сахна кейпіне енді.

Рәсім барысында жарыстар аяқталғаннан кейінгі бірлікті білдіретін спортшылар шеруі өтті. Атлеттер амфитеатрға салтанатты түрде кірді.

Барлық құраманың ту ұстаушылары делегациялардан бөлек жүріп өтті. Қазақстанның Мемлекеттік туын Италияда алтын медаль жеңіп алған мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров алып шықты.

Италиядағы Олимпиадада Қазақстан құрамасының атынан 36 спортшы 10 спорт түрінде сынға түсті. Медальдық есепте еліміз бір алтын жүлдемен 19-орынға тұрақтады.

Қазақстан құрамасының бірнеше өкілі өз жарыстарында алғашқы ондыққа кірді. Илья Мизерных тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең үздік нәтижені тіркеді. Шаңғымен үлкен тұғырдан секіруде ол сегізінші орын алып, осы спорт түріндегі ұлттық рекордты жаңартты. Конькимен жүгіруші Надежда Морозова 3000 метр қашықтықта алтыншы болып мәреге жетті. Бұл - 1998 жылы Людмила Прокашева Олимпиадада қола медаль алғаннан бергі ең жоғары нәтиже. Сонымен қатар Морозова 5000 метрде тоғызыншы, командалық із кесу сайысында сегізінші орын иеленді. Оның командаласы Елизавета Голубева да үш рет үздік ондыққа енді. Ол 1500 метрде - жетінші, 3000 метрде - оныншы орын алды. Голубева және Морозовамен бірге командалық із кесу сайысында Арина Ильященко да сегізінші нәтиже көрсетті. Қазақстандық конькимен жүгіруші Евгений Кошкин 500 метр қашықтықта тоғызыншы орынға тұрақтады. Шорт-трекші Денис Никиша 500 метр қашықтықта жетінші орын алып, жекелей сайыстағы өзінің ең жоғары нәтижесіне қол жеткізді. Фристайл-акробатикадан аралас командалық бәсекеде Қазақстан құрамасы жетінші болды. Бұл сында Асылхан Асан, Роман Иванов және Аяна Жолдас өнер көрсетті. Айта кетейік, ерлер арасында Роман Иванов 13-орын алып, ұлттық құрама тарихындағы үздік нәтижені жаңартты. Могулшы Анастасия Городко да үздік ондыққа енді. Ол параллельді могулда ширек финалға дейін жетіп, сегізінші орын алды. Осы дисциплинада Павел Колмаков тоғызыншы сатыға жайғасты. Мәнерлеп сырғанаудан әйелдер арасында Софья Самоделкина Қазақстан тарихында ең жоғары нәтижені тіркеді. Қысқа және еркін бағдарламаның қорытындысы бойынша ол оныншы орынға тұрақтады.

Дәстүр бойынша салтанатты рәсімнің негізгі бөлігі аяқталған соң Олимпиада туы түсіріліп, келесі қысқы Олимпиаданы қабылдайтын ел – Франция өкілдеріне табысталды. 2030 жылғы Қысқы Олимпиада ойындары осы мемлекетте өтеді. Сондай-ақ ұйымдастырушы ел алдағы доданың «Таң шуағы» атты таныстырылымын ұсынды. Одан кейін италиялық сазгер Людовико Эйнаудидің әуенімен Милан мен Кортинада жанған 2026 жылғы Олимпиада алауы сөндірілді.

评论