Марафоншы, тіркелмеген саяси «Алға, Қазақстан» партиясының лидері Марат Жыланбаевтың қызы көмек сұрады. Бұл туралы ол әлеуметтік желіге видео жариялады, деп хабарлайды "Адырна".
Марат Жыланбаевқа адвокаттары және отбасымен кездесуге рұқсат бермей жатыр. Телефон соғуға да тыйым салынған. Әнел Жыланбаеваның сөзінше, Степногорсктегі №4 түрмеге жаңа басшы Қуаныш Медеев тағайындалғалы белсендіге қысым күшейген.
Қазір Марат Жыланбаевтың хәл-жағдайы белгісіз. Ол наразылық ретінде қаңтардың 4-і аштық жариялаған. Содан бері 45 күннен асты. Отбасы белсендінің жағдайы алаңдаулы. Адвокаттары қаңтардан бері кіре алмай келеді.
«Қазір әкемнің жағдайы өте ауыр. Оның аман-есен болғанын қалаймын. Адамдардың бізге көмектесетініне және әділдік орнайтынына сенемін. Көмектесіңіздерші, - деді Әнел Жыланбаева.
Бұған дейін белсенді жақындарына жаңа түрме бастығы Медеевтің қоқан-лоққы жасағанын айтқан. Ол Марат Жыланбаевқа «қатаң қауіпсіздік камерасына ауыстырып, жаза мерзімін ұзартамын» деген.
Еске салсақ, Марат Жыланбаев – әлемнің ең ірі шөлдерін жүгіріп өткен әлемдегі жалғыз марафоншы, 7 мәрте әлемдік рекорд орнатып Гиннес кітабына енген. Оның рекордынан әлі ешкім аса алмады. Билікті ашық сынап, шерулерге қатысқаны үшін саяси қудалауға ұшырап, 7 жылға сотталды.
Марат Жыланбаевтың қызы көмек сұрап, видеоүндеу жолдады
20.02.2026
179
评论