Тілді текетірес пен ерегестің қаруына айналдыру бізге әбүйір әпермейді. Бұл туралы депутат Ермұрат Бапи Мәжілістің жалпы отырысында конституциялық реформа бойынша сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Ол қазнетте соңғы алты ай көлемінде сұлбасы жасалған конституциялық өзгерістерге қатысты сындар көп айтылып жатқанын мәлімдеді.
«Иә, жаңа Конституцияның жобасына қатысты айтылып жатқан біраз сындарлы сөздің төркіні тілге тіреліп жатыр. Ұлттық намысы селт етіп оянған халықтың талабы теріс деп, үзілді-кесілді кереғар пікір айтудың жөні жоқ. Бұл тақырыпты жылы жауып қоюға тағы да болмайтын еді. Бірақ қазақта «басқа пәле – тілден» деген тағы бір тәмсіл бар. Дауылы дүлей қазіргі қатқыл халықаралық қатынастардың қоршауы мен тәртібі күн сайын қырық құбылған геосаяси әлемде біз бұл «пәленің» қатерінен сақтана білуіміз керек. Біз әпербақан, әумесір әлдекімдерге білек күшін безейтіндей ел емеспіз.
Бізде мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен жасампаз болашағы үшін сырттағы соқтықпалы-соқпақты жолды дипломатияның демеуімен және сырбаз саясатпен жүріп өтуден басқа альтернатива жоқ! Жалпыхалықтық талқылауға ұсынылған жаңа Конституция жобасының жалпы саяси сипатын салауатты саралай білген адам оның мазмұны мен мақсаты мемлекеттілікті, қауіпсіздігіміз бен тәуелсіздіктің тұрақтылығын күйттейтін астарлы ишараны түсінсе керекті.
Үлес салмағы 70 пайыздан асқан халық өзінің тілін өзгеге өктемдікпен емес, сары майға ыстық қасық батырғандай байыппен таңа білу – дәл бүгін әлдеқайда ұтымды айла болар еді. Тілді текетірес пен ерегестің қаруына айналдыру бізге әбүйір әпермейді. Өзінің тілін өктемдікпен тықпалаған имансыз идеялар пайда болған заманда, есермен егесу – естінің ісі болмайды»,- деді Бапи.
Мәжіліс депутаты псевдо-патриоттардың әрекетін де сынға алды.
«Бүгінгі әлеуметтік желілердегі дабыраға қиқу қосып, қоғамды қажетсіз толқуға шақырып жүрген жекелеген желікпе псевдо-патриоттардың қылығына ішің ашиды. Бір ғана «КТК» мұнай құбырындағы апат елді қандай қаржылық қауіпке тап қыларын бастан кешіре тұра, біз әлдекімге сес көрсетіндей қай артымызға сенеміз?
«Сауда соғысы» мен әлем картасын бөлістергк сала бастаған қатерлер қаулаған заманда, Қазақстан мен оның сыртындағы реалды бағалай, бағамдай алмаған саяси көрсоқырлық бізді орыны толмас өкініштерге тап қылуы мүмкін. Әлдебіреулер тағы да фронт ашамыз деп бізге сес көрсетіп, сыртқы дүние теңселіп тұрған кезде, біз өз қолымызбен ішкі дүниемізді дүрбелеңге салуға қақымыз жоқ»,-деді ол.
Бүгін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері «AMANAT» партиясы республикалық сайлауалды штабының жұмысымен танысты