Астанада екі қабатты дәмхана өртенді

100
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/GDNaaF7lrQf6rMFcxy9In9rohOkG1Bs3yf2XnIfY.webp

Астананың Есіл ауданында орналасқан екі қабатты дәмханалардың бірінде ірі өрт шықты. Төтенше жағдайлар министрлігі мамандарының кәсіби әрекетінің арқасында тілсіз жау бүкіл ғимаратқа жайылмай, дер кезінде сөндірілді, деп хабарлайды "Адырна".

Өрт туралы хабарлама кезекші бөлімге демалыс күні түскен. Оқиға Есіл ауданындағы Елубай Тайбеков көшесінің бойында орналасқан екі қабатты қоғамдық тамақтану орнында болды.

Құтқарушылар оқиға орнына жеткенде ғимарат ішін қою түтін басқан. От дәмхананың бірінші және екінші қабаттарындағы жиһаздарды шарпыған. Өрттің жалпы ауданы 80 шаршы метрді құрады.

Өрт сөндіру бөлімшелерінің үйлесімді жұмысының арқасында оттың нысанның өзге бөліктеріне таралуына жол берілмеді.

Өрт салдарынан қаза тапқандар мен жарақат алғандар жоқ. Ғимараттың негізгі құрылымдары аман қалды. Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері мен материалдық шығын көлемі анықталып жатыр.

«Қою түтінге қарамастан, өрт сөндірушілер ғимарат ішіне тез еніп, оттың ошағын оқшаулады. Бұл ғимараттың толық жанып кетуінен сақтап қалды», — деп хабарлады ведомстводан.

评论