Оңтүстік Кореяда заңсыз жұмыс істеп жүрген қазақстандықтар ақпан айының соңына дейін елден ерікті түрде кете алады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Бұған дейін хабарланғандай, ерікті түрде елден шығу бағдарламасының уақытша шеңберін кеңейту жөніндегі уағдаластықтар 2025 жылы өткен заңсыз көші-қонды азайту және азаматтарымыздың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша келіссөздер барысында министрлік пен Кореяның Әділет министрлігі арасында қол жеткізілген. Бұл шаралар құқықтық салдарларды жеңілдетуге және өз мәртебесін реттеуге дайын адамдарды қолдауға бағытталған. Бағдарлама қылмыстық құқықбұзушылық жасаған, мәжбүрлеп шығару шарасына жататын, сондай-ақ 2025 жылғы 1 желтоқсаннан кейін заңсыз мәртебеге түскен шетелдіктерге қолданылмайды»,- делінген хабарламада.
Бағдарламаға қатысу үшін төлқұжат, өз еркімен кету туралы өтініш және әуе билеті қажет. Алдын ала хабарлама Корея Республикасының иммиграция кеңселері арқылы ұшу күніне дейін 15-тен 3 күнге дейінгі мерзімде беріледі.
Министрлік қазақстандықтарды шетелде тек заңды негізде жұмысқа орналасуға шақырады. Бұл заңсыз көші-қон, елден шығарып жіберу, айыппұлдар, құқықтық шектеулер және еңбек қанауы сияқты тәуекелдердің алдын алуға мүмкіндік береді.