Испанияда екі жүрдек пойыз соғысып, салдарынан 21 адам қаза тапты. Тағы шамамен 100 адам жарақат алған, олардың 30-ының жағдайы ауыр. Бұл туралы елдің ішкі істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Қайғылы оқиға 18 қаңтар кешке Испанияның Кордова провинциясында болған.
Малагадан Мадридке бағыт алған Iryo компаниясының пойызы рельстен шығып, көрші жолға ауып кеткен, сол жерде Уэльваға бара жатқан қарсы бағыттағы пойызбен соқтығысқан. Оқиғаның себебі әзірге белгісіз. Испандық БАҚ мәліметінше, екі пойызда жалпы саны 400 адам болған.
Испания премьер-министрі Педро Санчес жағдайды жіті бақылап отырғанын мәлімдеді. Испанияның корольдік отбасы да қаза болғандардың туыстарына көңіл айтты.
Reuters агенттігінің жазуынша, оқиға орнында құтқарушылар әлі де жұмыс істеп жатыр, олар пойыздағы тірі қалған жолаушыларды іздеуде.
Пойыздар рельстен шыққан Адамус муниципалитетінің басшысының айтуынша, ол оқиға орнына алғашқылардың бірі болып келген.
«Мен адам танымайтын халге түскен жолаушыларды көрдім», – деп айтты ол El País газетіне берген пікірінде.