21 жастағы қыздың өлімі. Күдікті блогердің туысы боп шықты

199
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/L9QFQoVP2NmQpxefd0IZNj3Fkz5i7ds4nGLGQYm5.webp

Шымкентте марқұм Нұрай Серікбайдың қазасына байланысты қасақана кісі өлтірді деп айыпталған күдіктінің туыстары блогер Камила Әділхан мен оның күйеуі Мағжан Аймахан алғаш рет ашық пікір білдірді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Олар ең алдымен марқұмның ата-анасы мен жақындарына көңіл айтып, бұл қайғының екі тарап үшін де аса ауыр екенін атап өтті.

«Ең алдымен Нұрайдың ата-анасына, туған-туыстарына шын жүректен көңіл айтамыз. Алла тағала жүректеріңізге тыныштық берсін. Бұл – кез келген ата-ана үшін орны толмас қайғы», – делінген бейнеде.

Сонымен қатар олар күдікті Шерхан Аймаханмен туыстық байланыстарын жасырмай, оның Мағжан Аймаханның әкесінің інісінің баласы екенін растады.

«Иә, Шерхан – біздің туысымыз. Бірақ ешбір ата-ана баласының қатыгез, зұлым болуын қаламайды. Бұл жағдай біз үшін де өте ауыр. Қызынан айырылған ата-ананың қайғысын толық түсінеміз. Бұл – екі жаққа да оңай емес», – деп жазды олар.

Камила Әділхан мен Мағжан Аймахан сот процесінің әділ өтуін қалайтындарын атап өтті.

«Сот пен жаза мәселесінде әділ шешім шыққанын қалаймыз. Алайда қандай жаза тағайындалса да, Нұрайдың орны толмайды. Сол себепті тек дұға етеміз», – делінген пікірде.

Сондай-ақ олар блогерлермен туыстық байланыс істің әділ шешілуіне әсер етеді деген алыпқашпа әңгімелерге жауап берді.

«Блогермен туыс болса, бәрі шешіліп кетеді деген сөздер тарап жатыр. Керісінше, халық алдында жүрген адамдар ретінде, бұл істің әділ қаралғанын қалаймыз. Ақтап алуға ниетіміз де, ойымыз да жоқ. Бұл – аса ауыр, зұлымдықпен жасалған қылмыс», – деп мәлімдеді олар.

评论