Түркістан облысы Жетісай аудандық соты Шардара ауданы Қоссейіт ауылында әкесін ұрып-соғып, азаптаған 41 жастағы Алмас Садақбаевты 5 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды "Адырна".
Сот оны «Қинау» және «Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру» баптарымен кінәлі деп таныды.
Алмас Садақбаевқа 70 жастағы мүгедек әкесін тірі кезінде бірнеше рет ұрып-соғып, қинады деген айып тағылған. Ол өткен жылдың тамыз айында мүгедек әкесін кемінде үш рет соққыға жыққан.
Тергеу дерегінше, қарт әкесінің дәретке өздігінен шыға алмайтынына ашуланып, оған күш қолданған.
"Сотталушы 2020 жылдан бері денсаулығы нашарлап, қозғалуында қиындықтары болған 70 жастағы әкесін жүйелі түрде ұрып-соққан. Салдарынан жәбірленуші физикалық және психикалық азап шегіп, денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтірілген. Сот жаза тағайындау кезінде жеңілдететін мән-жайларды: бұрын сотталмағаны, кінәсін мойындауы және өкініш білдіруі, кәмелетке толмаған балаларының болуын ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған. Сот үкімімен С.-ға түпкілікті жаза ретінде 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", - деп хабарлады Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі.
Сотталушының кінәсі өзінің түсініктемелерімен, куәлардың айғақтарымен, аудио-бейне материалдармен, сондай-ақ сот-медициналық сараптамалардың қорытындыларымен толық дәлелденді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.