Бажкенова қайда, Гусев қайда? Адвокат екіжүзділікке қатысты айыптауға жауап қайтарды

192
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/UpxhrT289zkrpYB2Nq266ELX0L01kdSIcoAXr6p9.webp

Бұған дейін теміртаулық журналист Олег Гусевтің сотталуына себепкер болған атышулы адвокат Мұрат Адам қазір керісінше, ORDA интернет-басылымының бас редакторы Гүлнара Бажкенованың құқығын қорғап жүр. Соңғысы жалған ақпарат таратты деген баппен тергеліп жатқаны белгілі. Заңгердің пікірінше, бұл – өз ұстанымына қарсы шығу емес. Өйткені, ол екі журналистің ісі екі түрлі баппен қозғалғанын алға тартады.

Мұндай мәлімдемені Мұрат Адам Алматыда өзіне қатысты өткен сот тыңдауында мәлімдеді. Айта кету керек, бұған дейін қалалық Әділет департаменті оның үстінен шағым түсіріп, адвокаттық лицензиясынан айыруды талап еткен болатын. Өйткені, ол Гүлнара Бажкенованың үстінен жүріп жатқан тергеу іс-шараларына қатысты жалған мәлімет таратқан дейді.

Атап айтқанда, 2025 жылдың 1 желтоқсанында сағат 12:00-де Бажкенованың үйі мен Orda.kz сайтының редакциясында санкцияланған тінту жұмыстары жүргізіле бастаған. Ал, сағат 12:50-де Мұрат Адам оқиға орнына келіп, өзін қорғаушымын деп, тергеу ісіне араласуын талап еткен. Десе де, дәл сол сәтте заңгердің мұндай құқығы болмаған, яғни ол мұны растайтын ешқандай құжат көрсете алмаған. Әділет департаментінің айтуынша, процессуалдық статусы болмаған жағдайда адвокат тергеу ісіне араласа алмайды. Соған қарамастан Адам сағат 14:30-да әлеуметтік желіде (Facebook, YouTube, Instagram) өзін тергеуге жіберілмей жатқанын айтып, 16 жазба қалдырыпты. Осылайша ол қоғам алдында теріс түсінік қалыптастырған.

Айта кететін бір жайт, бұған дейін теміртаулық журналист Олег Гусев істі болған кезде дәл осы Мұрат Адам айыптау жағына шығып, күдіктіні бас бостандығынан айыруды талап еткен болатын. Ал, қазір керісінше, өзге журналистің ісінде сөз бостандығының бұзылып жатқанын айтып дабыл қағуда. Адвокаттың өзі мұны екіжүзділік емес, қалыпты жағдай дегенді айтып отыр.

«Бұл екеуі мүлдем екі түрлі іс, екі түрлі баптар. Тағы айтамын, бұл екі журналистің жағдайы екі түрлі. Гусевтің ісі сөз бостандығына қатысты емес. Ол көрінеу жалған ақпарат таратты деп сотталған жоқ, ол жеке мәліметтерді таратты деп сотталды. Міне, екеуі екі түрлі бап», - деді Мұрат Адам.

Оның сөзінше, Гүлнара Бажкенова өзінің кәсіби міндетін атқарғаны үшін істі болып жатыр.

Еске салайық, бұған дейін адвокат Мұрат Адамның атсалысуымен теміртаулық журналист Олег Гусев үш жылға бас бостандығынан шектеу жазасына тартылған болатын. Оған интернеттегі ашық дереккөзден алған материалын дұрыс емес мақсатта таратты деген айып тағылған. Яғни, заңгерлер мұны қоғам үшін қауіпті әрекет деп тауыпты.

评论