Мемлекет басшысы, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс министрі Дәурен Қосановты қабылдады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында Президентке қорғаныс ведомствосының 2025 жылы атқарған қызметі туралы есеп ұсынылды. Министр әскердің жауынгерлік әзірлік деңгейі, Қарулы Күштерді дамытудың негізгі басым бағыттары жөнінде баяндады.
Сондай-ақ Дәурен Қосанов цифрлық технологияларды енгізу, әскери-патриоттық тәрбие жұмыстары, қорғаныс инфрақұрылымын жетілдіру шаралары туралы ақпарат берді. Бұдан бөлек, Президенттің Қарулы Күштер қатарында тәртіп орнату жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы таныстырылды.
Кездесу қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаев әскердің жауынгерлік әзірлігін арттыру, әскери және құқықтық тәртіпті күшейту бойынша министрге нақты міндеттер жүктеді.