Шымкенттегі көшелердің бірінде қыз баланы өлтірген ер адам ұсталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Жедел-іздестіру шаралары барысында 21 жастағы Шымкент тұрғынын өлтірді деген күдікке ілінген ер адам ұсталды. Бұл туралы қала полициясы хабарлады.
Іздеу жұмыстарына полиция департаментінің барлық жеке құрамы жұмылдырылған. Қалаға кіріп-шығу бағыттарында бақылау күшейтіліп, жақын маңдағы аумақтар толық тексерілген.
«Күдікті қаладан шамамен 10 шақырым қашықтықтағы ашық алаңнан табылып, ұсталды», — делінген полиция хабарламасында.
Қазіргі уақытта 28 жастағы Шымкент тұрғыны уақытша ұстау изоляторына қамалды. Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті марқұм қызбен бұрын таныс болған.
«Қылмыстың себептері мен барлық мән-жайын тергеу барысында анықтаймыз. Адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды», — деп мәлімдеді полиция.
Сонымен қатар, бейресми деректерде қыз бен жігіттің бірнеше уақыт сөз байласқаны айтылған.