Иран өкілдеріне Еуропалық парламентке кіруге тыйым салынды

138
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/dajiOXrlael8pYWIZk5YcF8ALLUBu3sSf4DHWxG3.webp

Еуропалық парламенттің президенті Роберта Метсола Иранның дипломатиялық және өзге де ресми өкілдерінің Еуропалық парламент ғимараттарына кіруіне толық тыйым салынғанын жариялады. Бұл туралы Sky News жазды, деп хабарлайды "Адырна".

Метсоланың айтуынша, шешім Иран халқының құқықтары мен бостандықтары үшін жүргізіп жатқан күресіне қолдау білдіру мақсатында қабылданған. Ол Еуропалық парламенттің билікті күш қолдану, репрессия және адам өлтіру арқылы сақтап отырған режимді заңдастыруға жол бермейтінін атап өтті.

«Иранның батыл халқы өз құқықтары мен еркіндіктерін қорғауды жалғастырып жатқанда, біз мұндай режиммен кез келген ресми қатынасты шектеуге тиіспіз», – деді Роберта Метсола.

Аталған тыйым Ирандағы соңғы айларда күшейген жаппай наразылықтар мен адам құқықтарының бұзылуына байланысты қабылданды. Еуропалық одақ өкілдері Иран билігінің наразылықтарды күшпен басуына алаңдаушылық білдіріп келеді.

Бұл шешім Еуропалық парламенттің адам құқықтарын қорғау мен демократиялық құндылықтарды қолдауға бағытталған саяси ұстанымын тағы бір мәрте айқындай түсті.

Еске салайық, АҚШ-та орналасқан HRANA құқық қорғау ұйымының дерегінше, Ирандағы тәртіпсіздіктер барысында 500-ден астам адам қаза тауып, 10 600-ден астам адам ұсталған.

Ирандағы шерулер 2025 жылғы 28 желтоқсанда басталды. Сол күні Тегерандағы дүкен иелері экономикалық жағдайдың нашарлауына қарсы наразылық ретінде сауда орындарын жапты. Кейін акцияларға басқа да ірі қалалардың тұрғындары қосылды.

30 желтоқсан, сейсенбі күні, наразылық білдірушілер мен полиция арасындағы алғашқы қақтығыстар тіркеліп, күш құрылымдарының көзден жас ағызатын газ қолданғаны хабарланды. Көп ұзамай акциялар саяси сипат алып, кейбір қатысушылар Иранның рухани көшбасшысы Әли Хаменейге қатысты болуы мүмкін «Диктаторға өлім!» деген ұрандар айта бастады. Наразылыққа шыққандар саяси режимнің ауысуын және билікке Пехлевидің келуін талап етуде.

Иран экономикасы 40 пайыздық инфляциядан және Батыс елдерінің санкцияларынан қатты зардап шегіп отыр.

2 қаңтар күні АҚШ президенті Truth Social желісінде егер күш құрылымдары ауыр экономикалық жағдай мен жоғары инфляцияға қарсы шыққан бейбіт шерушілерге оқ атса, АҚШ араласатынын ескерткен.

Кейінірек бейбіт шерулер тәртіпсіздіктерге ұласты. Тегеран мэрі Алиреза Закани 9 қаңтарға қараған түні өткен акциялар кезінде 50-ден астам банк пен бірнеше мемлекеттік мекеме өртеліп, 30-дан астам мешіт отқа оранғанын мәлімдеді.

评论
其他材料