Иран көктемі. Қазақтар тұратын аймақта адамдар ұсталды

177
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/OAbDTyLKhykoP7bUQU4nnHSMjnofoO8I2myKpHzm.webp

Иранның қазақтар тұратын аймағы Голестан провинциясында тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылардың бірқатары ұсталды, қалғандары тергеуде және жақын арада қамауға алынады. Бұл туралы Голестан провинциясының сот билігі басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Report агенттігіне сілтеп.

Мәліметке сәйкес, провинция орталығы Горган қаласында болған тәртіпсіздіктер барысында төрт банктің ғимараты қираған, тағы екі банктің ғимаратына 50 пайыз көлемінде залал келтірілген.

Сонымен қатар, Горганда әкімшілік ғимараты өртенген.

Айта кетсек, Иран қазақтарының бір бөлігі 1995 жылы тарихи отанына оралды. Олардың біразы Маңғыстау облысына қоныстанды. Сол жылы Ирандағы қазақтардың шамамен жартысы Қазақстанға көшіп келді делінеді. Иранда қалған қазақ диаспорасы қазір негізінен бұрынғы Мазендаран, қазіргі Голестан провинциясындағы Горган, Бәндәр-Түркімен және Гүмбәд-Қабус қалаларында тұрады.

Иранда жарты айға жуық уақыттан бері наразылық жалғасып жатыр. Соңғы күндері күшейе түскен наразылықта билік күштерімен қақтығыс болып, жүздеген адам қаза тапқан. Жараланғандар мыңдап саналады. Елде соңғы 3-4 күнде интернет және телефон байланысы толықтай өшірілген. Ұлттық валюта бағамының өсіп, бағаның қымбаттауынан туындаған наразылық соңы саяси талаптарға ұласты. Адамдар билік басындағы дін адамдары орындарынан кеткенше наразылықты жалғастыратынын айтып, ұрандап жүр. Наразылықты АҚШ президенті Дональд Трамп және өзге де батыс елдері қолдайтынын білдірген. Билік соңғы 2-3 тәулікте шеруге шыққандарды аяусыз басып-жаныштауға кіріскен. Бірақ наразылыққа шыққандар да көшеге жиналуын одан сайын үдетіп келеді. Арада арандатушылардың болғаны жайында да айтылады.   

评论