Oxford-тағы қазақ қызының табыс құпиясы қандай?

850
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/1Xm7XTt6cBLd3iqKLkYEENyZ0rVmy3LVdwHJZIGK.jpg

Бүгінде шетелде білім алып, ғылым жолын қуалаған қазақстандықтар көп. Соның бірі - Меруерт Бижанова. Oxford University докторантурасында білім алып жүрген жас ғалым Teaching Fellow атты академиялық лауазымға ие болды. 

- Ақтауда Назарбаев мектебін тәмамдаған екенсіз. АҚШ-қа университетке түсуді жоспарлап жүрдіңіз бе? АҚШ-қа кету жолыңызбен бөліссеңіз.

- Мен магистратураны АҚШ-та жалғастыру туралы шешім қабылдағанда, басты мақсатым халықаралық деңгейде мойындалған академиялық білім алып, жоғары білім беру саласындағы зерттеулерімді тереңдету болды. Осы тұрғыда маған ең қолайлы академиялық орта ретінде Пенсильвания университеті (University of Pennsylvania, UPenn) айқын таңдау болды. UPenn-ді таңдауыма бірнеше маңызды себеп әсер етті. Біріншіден, бұл университет білім беру саласы бойынша әлемдегі жетекші орталықтардың бірі саналады. Әсіресе, білім беру саясаты (Education Policy), білім беру көшбасшылығы (Educational Leadership) және жоғары білімді басқару (Higher Education Administration) бағыттарындағы ғылыми мектептері өте мықты. Мен жоғары білім саясаты мен университеттік басқару мәселелерін зерттеуге қызықтым, ал UPenn бағдарламасының академиялық бағыты менің ғылыми мүдделеріммен толық сәйкес келді.

Екіншіден, университет кәсіби дамуға кең мүмкіндіктер ұсынды: зерттеу жобалары, тағылымдамалар, салалық сарапшылармен тікелей жұмыс істеу, мансаптық қолдау. Бұл маған тек теориялық білім емес, практикалық дағдыларды да жүйелі түрде меңгеруге мүмкіндік берді. Үшіншіден, UPenn Лига Плюща құрамындағы университет. Бұл жоғары академиялық стандарт, халықаралық бедел және жаһандық түлектер желісі арқылы ашылатын жаңа мүмкіндіктер деген сөз. Осындай ортада оқу маған бұрын қолжетімсіз болып көрінген академиялық және кәсіби есіктерді ашты.

- Қандай мамандықты тәмамдап, қай салада сабақ бересіз?

- Мен Пенсильвания университетінде Educational Leadership мамандығы бойынша білім алып, халықаралық білім саясаты, жоғары білім жүйелерін басқару, зерттеу әдіснамасы және көшбасшылық дағдыларды терең меңгердім. Бұл тәжірибе кейіннен Оксфорд университетіндегі докторантураға дайындалуыма берік негіз қалады. Ал Оксфордқа түсуім жәй кездейсоқтық емес, ұзақ жылдар бойы мақсатты түрде жасалған еңбек пен жоспарлы жұмыстың нәтижесі десем болады. Магистратура кезінде мен зерттеу ассистенті болып жұмыс істедім. Шынымды айтсам, ол ортада әр студент зияткерлік тұрғыдан мықты әрі амбициясы жоғары көшбасшы болатын. Осындай ортада мен де өзімді күн сайын дәлелдеуді, сенімділікпен ойлауды және әлемдік деңгейде жұмыс істеуді үйренсем керек.

Оған қоса, мен үшін шешуші рөл атқарған факторлар ғылыми тәжірибем мен көшбасшылық жетістіктерім болды. Мен Penn Global Student Citizenship Award марапатының алғашқы қазақ әйел лауреатымын. Сонымен қатар The William E. Arnold Award, Dr. Andy Binns Leadership Impact Award, Laurie Wagman Award және басқа да беделді марапаттарға ие болдым. Бұл жетістіктер халықаралық академиялық ортада өз орнымды сезінуге үлкен сенім берді. Осы жетістіктерден кейін мен Оксфордта оқуға лайықты сезіне алдым. Алайда Оксфорд профессорларымен өткен сұхбаттар өте күрделі интеллектуалдық сынақ болды. Бұл формальды әңгіме емес, менің ғылыми әлеуетімді терең тексеруге бағытталған процесс еді. Дегенмен Пенсильвания университетінде алған тәжірибем маған күрделі сұрақтарға сенімді әрі дәл жауап беруге мүмкіндік берді.

Қазіргі таңда мен Оксфорд университетінде оқытушы ассистент (teaching fellow) ретінде де жұмыс істеймін. Бұл менің академиялық жолымдағы ең маңызды әрі ерекше кезеңдердің бірі десем артық айтпаған болар едім. Осы қызметке таңдалғанымда  әрине үлкен қуаныш сезіндім. Сабақ беру, студенттермен жұмыс істеу және халықаралық академиялық ортада тәжірибе жинау мен үшін кәсіби тұрғыдан аса құнды үлкен мүмкіндік.

«КҮНІНЕ 1000 СӨЗ ЖАТТАУДЫ ТАЛАП ЕТТІ»

- Шет тілін қай жасыңыздан бастап үйрене бастадыңыз? 

- Мен ағылшын тілін Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқи бастаған кезімнен бастап үйрендім. Алғашқы кезеңде тілді еркін меңгермеген едім, алайда біздің ағылшын тілі мұғалімдері өте талапшыл болды. Сол уақыттан ерекше есте қалғаны бір мұғаліміміздің күніне 1000 сөз жаттауды талап етуі. Бұл көлем қазірдің өзінде де өте үлкен деп санаймын. Соған қарамастан, біз жоғары ынта мен жауапкершілік танытып, жүйелі түрде дайындалдық. Мектептің жоғары сыныптарында, тіпті 10-сыныптан кейінгі жазғы үш айлық демалыс кезінде де, күн сайын ағылшын тілін үздіксіз оқыдым. Осы еңбектің нәтижесінде IELTS емтиханын сәтті тапсырып, мектепті өте жақсы көрсеткіштермен аяқтадым.

Бакалавриатты Назарбаев Университетінде оқыған кезеңде ағылшын тілін кәсіби және еркін деңгейде қолдана бастадым, себебі барлық оқу материалдары мен академиялық орта толықтай ағылшын тілінде болды. Ал кейін АҚШ пен Ұлыбританияда білім алу арқылы ағылшын тілі мен үшін күнделікті әрі табиғи қарым-қатынас тіліне айналды.

- Ата-анаңыз білімді шет елде жалғастыруға қалай қарады? Қазақстанның шекарасынан шығып, білім алу әу баста қиын болған шығар?

- Кез келген ата-ана сияқты, менің ата-анам да бастапқыда алаңдады. Әсіресе шетел туралы түрлі жаңалықтарды естіп жүргендіктен және мен ол кезде небәрі 22 жаста, әрі қыз бала болғандықтан, уайымдағандары түсінікті еді. Дегенмен мен оларға өз мақсатымды ашық әрі нақты түсіндіре алдым деп ойлаймын: халықаралық деңгейдегі көшбасшы болып қалыптасу үшін, білім көкжиегімді кеңейтіп, жаңа деңгейде бәсекеге түсу үшін шетелде оқуым қажет екенін айттым. Бірақ мен өзімді олардың алында жауапты, тәртіпті адам ретінде дәлелдей алдым деп ойлаймын. Ата-анама әр қадамымның ойластырылғанын, қауіпсіздік пен оқуымды бірінші орынға қоятынымды жеткіздім. Уақыт өте келе олар менің шешіміме сенім білдіріп, толық қолдау көрсетті. Бірақ шетелде білім алу жолы бастапқыда оңай болған жоқ, бірақ ата-анамның сенімі мен қолдауы маған үлкен күш берді.

«МЕКТЕПТЕ АЛТЫН БЕЛГІ АЛА АЛМАҒАНЫМ СЕНІМДІ ӘЛСІРЕТТІ»

- Үлкен елде даму, орта табу қиын болды ма? Өз тәжірибеңізден студенттік естеліктеріңізбен бөліссеңіз.

- Академиялық тұрғыдан алғанда, ең маңызды бейімделу көпмәдениетті ортада оқу қажеттілігімен байланысты еді. Сабақта әртүрлі елдерден келген студенттердің көзқарастары, өмірлік тәжірибелері мен құндылықтары қатар тоғысты. Талқылаулар тек білім беру мәселелерімен шектелмей, саясат, әлеуметтік әділеттілік, теңсіздік және әр елдің контекстіндегі жүйелік проблемаларды қамтыды. Осындай ортада шынайы түсіну үшін терең тыңдау, саналы сұрақтар қою және өз ой-өрісімді кеңейту қажет болды.

Мен үшін бір ғана «ең үлкен қиындықты» бөліп айту қиын, себебі әрбір тәжірибе мені белгілі бір деңгейде шыңдады. Дегенмен, өмірімде ерекше есте қалған сәттердің бірі мектепте алтын медаль ала алмағаным. Ол кезде қатты көңілім қалды, өзіме деген сенімім әлсіреді. Ата-анам да, айналамдағы адамдар да бұл нәтижені күткен еді, мен де соған көп еңбек сіңірдім. Кейбір марапаттардың әділетсіз берілгендей көрінуі ішкі наразылық тудырды. Сол сәтте «онда не үшін тырысу керек?» деген ой да келгені рас. Алайда уақыт өте келе бұл кезеңге басқаша көзқараспен қарай бастадым. Қазір түсінгенім — нағыз құндылық марапатта емес, білімде, табандылықта және өз күшіңе деген сенімде екен.

Екінші ауыр сынақ пандемия кезеңімен тұспа-тұс келді. Бакалавриатта оқып жүріп, жазғы курстарды аяқтаған сәтте ата-анам мен отбасымның денсаулығына қатысты алаңдаушылықтар болды. Ұйқысыз түндер, емтихандар, кінә мен әлсіздік сезімі бұл кезеңді эмоционалдық тұрғыдан өте ауыр етті. Кейін АҚШ-та жалғыз өзім жаңа елге көшу, баспана іздеу, тұрмыстық мәселелерді шешу, жаңа академиялық жүйе мен мәдениетке бейімделу де оңай болған жоқ. Алғашында жалғыздық пен ішкі күйзеліс сезілді, алайда уақыт өте келе бұл қиындықтарды өсу мен тәуелсіздікке апарар мүмкіндік ретінде қабылдауды үйрендім. Академиялық ортада, әсіресе Пенсильвания университетінде оқыған кезде, өзіме қоятын ішкі талап өте жоғары болды. Қазақстанда алған білімімнің Гарвард, Принстон немесе Оксфорд сияқты жетекші университеттерден шыққан түлектердің білімінен кем емес екенін үнемі дәлелдеп отыру қажеттілігі мені одан әрі еңбек етуге, өзімді мықты ортада сынаудан қорықпауға итермеледі.

Тағы бір ауыр кезең АҚШ-та оқып жүргенде әжемнен айырылуым болды. Сол сәтте жақындарымның жанында бола алмау эмоционалдық салмақты еселеп арттырды. Бірақ өмірдің өзі мінсіз емес, оның мәні де осында деп ойлаймын. Маңыздысы — құлау емес, қайта тұра білу. Осындай тәжірибелер мені шыңдап, қиындықтарды өмірдің табиғи бөлігі ретінде қабылдауға үйретті.

«ТАБЫСТЫҢ ҚҰПИЯ ФОРМУЛАСЫ ЖОҚ»

- Мұндай жетістікке жетуде нені ескеру керек? Сіздің жетістігіңіздің сыры неде?

- Менің ойымша, табыстың құпия формуласы жоқ. Барлығының негізінде тек еңбек, еңбек және тағы да еңбек жатыр. Мен өмірімде еңбексіз үлкен жетістікке жеткен адамды көрген емеспін. Сонымен қатар, бастаудың ешқашан кеші де, ерте де болмайтынына сенемін. Дұрыс уақыт, дұрыс мүмкіндік және дұрыс сәт міндетті түрде келеді, ең бастысы соған дайын болу. Екінші маңызды нәрсе  әр қадамыңды жоспарлы әрі саналы түрде жасау. Кездейсоқ шешімдерден гөрі, ұзақ мерзімді мақсатқа бағытталған әрекеттер әрдайым нәтижелі болады. Сонымен бірге айналаңдағы әртүрлі адамдардан шабыт алып, үздіксіз дамуға ұмтылу өте маңызды. Әлемде не болып жатқанынан хабардар болып, өзіңнің өмірлік құндылықтарың мен шынайы мақсатыңды анық түсінуге тырысу керек.

Ал ең бастысы - адам болып қалу. Қандай биік жетістікке жетсең де, ең асыл қасиет  жан дүниеңдегі мейірімділік. Бүгінгі әлемге тек ақылды немесе табысты адамдар ғана емес, ақылды әрі мейірімді, жауапкершілігі жоғары көшбасшылар қажет деп ойлаймын.

- Алдағы уақытта Қазақстанға келу жоспары бар ма?

- Иә, менің алдағы мақсаттарым Қазақстанмен және өңірдегі жоғары білім беру жүйесімен тығыз байланысты. Мен алған білімім мен ғылыми тәжірибемді Қазақстан және посткеңестік кеңістіктегі университеттерді зерттеу университеттеріне айналдыру жолында нақты қолдау құралы ретінде қарастырамын. Дәстүрлі түрде көптеген университеттердің негізгі миссиясы оқытуға бағытталған болса, бүгінгі таңда олар үш маңызды міндетті қатар атқаруы тиіс: сапалы білім беру, жоғары деңгейлі ғылыми зерттеулер жүргізу және қоғамға қызмет ету. Менің докторантурадағы зерттеуімнің басты мақсаты университеттерге ғылыми зерттеуді негізгі институционалдық миссияға тиімді енгізуге көмектесетін стратегиялар мен практикалық ұсыныстар әзірлеу. Бұл академиялық жұмыстың сапасын арттыруға, тұрақты зерттеу экожүйесін қалыптастыруға және оқыту мен зерттеу арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді. Мұндай нәтижелер тек Қазақстан үшін ғана емес, дәл осындай трансформация кезеңінен өтіп жатқан өңірдегі және халықаралық деңгейдегі университеттер үшін де өзекті.

Жеке мақсаттарыма келер болсам, мен өзімді үлкен жауапкершілік жүгін арқалап жүргендей сезінемін. Әлемдік деңгейде танылған зерттеуші әрі профессор болуды армандаймын. Шетелде оқып, жұмыс істей жүріп түрлі стереотиптер мен кедергілерге тап болдым, бірақ бұл тәжірибелер мені керісінше шыңдап, көшбасшылық қасиеттерімді нығайтты және Қазақстанның атын халықаралық академиялық кеңістікте танытуға деген ұмтылысымды арттырды. Қазіргі таңда менің басты мақсатым алған білімім мен ғылыми зерттеулерімді Қазақстан мен өңір университеттерінің әлемдік деңгейдегі ең мықты зерттеу университеттеріне айналуына үлес қосу үшін пайдалану. Бүгінде университеттердің миссиясы тек оқытумен шектелмейді, олар жоғары деңгейлі зерттеулер жүргізіп, қоғамның дамуына нақты әсер етуі тиіс. Мен зерттеу мен оқытудың тепе-теңдігін сақтай отырып, тұрақты ғылыми экожүйе құруға бағытталған нақты стратегиялар мен ұсыныстар әзірлеуді көздеймін. Осы арқылы халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытуға, Қазақстан университеттерінің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға шын жүректен үлес қосқым келеді. Менің жолым ғылым мен білім арқылы елімнің болашағын жақсарту. Қандай жетістікке жетсем де, ол тек жеке мақсат емес, адамзатқа титтей болса да оң өзгеріс әкелуге қызмет етсе деп армандаймын.

«ЖАСТАРҒА ШАБЫТ БЕРГІМ КЕЛЕДІ»

- Менің Оксфордқа түсуім жеке жетістік қана емес, сонымен қатар Қазақстан академиясы үшін де маңызды қадам деп ойлаймын. Өз жолым арқылы қазақстандық жастарға өзіне сенуге және әлемдік деңгейдегі мақсаттардан қорықпауға шабыт бергім келеді. Оксфордқа қабылданғанымды естіген сәттегі сезімімді сөзбен жеткізу қиын.Оң жауапты естігенде, шексіз қуаныш пен шынайы мақтаныш сезіндім. Бұл бала кезден бергі арманымның орындалуы болды. Достарым да қатты қуанып, қалай түсуге болатынын сұрай бастағаны әлі есімде. Бұл жаңалықты әлеуметтік желіде бөліскенімде, Қазақстандағы көптеген адамдар жылы қабылдап, бірден таратып, бұл сәтті мен үшін одан да әрі ерекше етті.

- Сұхбатыңызға көп рақмет!

Сымбат Наухан

«Адырна» ұлттық порталы

相关新闻

评论
相关新闻