Сондай-ақ Мемлекет басшысы "Сәулет, қала құрылысы және құрылыс мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға да қол қойғаны хабарланды.
Құрылыс кодексі сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы қызметті құқықтық тұрғыда реттеуге бағытталған. Сонымен қатар ол адамдардың қауіпсіз өмір сүру ортасын қалыптастыруды, елді мекендерді қала құрылысы тұрғысынан жоспарлау мен дамытуды, сондай-ақ халықтың барлық санаттары үшін әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз етуді көздейді.
Атап айтқанда, құзыреттерге қатысты бірқатар нормалар алынып тасталды:
- сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік сараптама ұйымы көрсететін жобалау саласындағы консультациялық қызметтердің тәртібі мен құнын әзірлеу және бекіту жөніндегі өкілеттігі;
- уәкілетті органның республикалық маңызы бар қалалар, астана және облыстардың бас сәулетшілерін тағайындауды келісу жөніндегі нормасы;
- аудан әкімдіктерінің жер учаскелерін беру құқығы.
Сонымен қатар мердігердің (бас мердігердің) құрылыс нысанын утилизациялау немесе сүру (бұзу) туралы меншік иесімен тең дәрежеде шешім қабылдауына мүмкіндік беретін норма да алынып тасталды. Өйткені қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мердігердің мұндай шешім қабылдауға заңды негізі жоқ.
Бұдан бөлек, сел, көшкін және қар көшкіні қаупі бар аумақтардың карталарын қолдануға қатысты нормалардың қолданылуын 2030 жылға дейін тоқтата тұру туралы ереже нақтыланды.