Компания Кекілбаевтың туған жерін көркейтпек

325
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/IW6xRs7Y2Y24KOs43bJRzy97SZdyWnqQhBorAYrz.jpg

Бүгін, 9 қаңтар күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай North Caspian Operating Company (NCOC) компаниясының басқарушы директоры Джанкарло Руюмен кездесу өткізді.

Кездесу барысында Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы және өңірде әлеуметтік әрі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мәселелері қаралды. Атап айтқанда, NCOC компаниясының қолдауымен биыл бірқатар маңызды бастамаларды жүзеге асыру жоспарланған. Олардың қатарында көрнекті жазушы Әбіш Кекілбаевтың туған жері – Оңды ауылын абаттандыру, теңіз жағалауын қайта жаңғырту және «Ақбота» саябағын жаңарту жұмыстары бар. Сонымен қатар жедел медициналық көмек қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында салаға толық жабдықталған 20 жаңа жедел жәрдем көлігі тапсырылды.

NCOC компаниясының басқарушы директоры Джанкарло Рую компанияның Маңғыстау облысындағы әлеуметтік, инфрақұрылымдық және экологиялық бастамаларға алдағы уақытта да жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.

Өз кезегінде облыс әкімі NCOC компаниясының Маңғыстау өңірімен 25 жылдан астам уақыт бойы тұрақты іскерлік әріптестік орнатып, оның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып келе жатқанын атап өтті.

– NCOC – Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін берген жетекші компаниялардың бірі. Соңғы жылдары өңірде маңызды әлеуметтік нысандар жүзеге асырылып, пайдалануға берілді, бұл аумақтың дамуына айтарлықтай әсер етті. Біздің ортақ міндетіміз – жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасын одан әрі арттыру, – деп атап өтті Нұрдәулет Қилыбай.

Айта кетейік, компания осы уақыт ішінде 100-ден астам әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асырған. Атап айтқанда, 2020-2025 жылдары Ақтау қаласында модульдік инфекциялық аурухана, онкологиялық диспансер, студенттерге арналған жатақхана, сондай-ақ спорттық және мәдени нысандар салынды. Сонымен қатар компанияның қолдауымен Форт-Шевченко қаласында және облыстың ауылдық елді мекендерінде білім беру нысандары бой көтерді.

Кездесу соңында тараптар өзара тиімді серіктестікті жалғастыруға және өңірдің тұрақты дамуына бағытталған бірлескен бастамаларды іске асыруға ниетті екенін білдірді.

评论