Венесуэлада жеті күндік аза тұту жарияланды

303
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/hhpQ8f7TjrbiZvMJatzC58BCzA8XWAViDLPCsbgg.jpg

Венесуэла президентінің міндетін атқарушы Делси Родригес Каракаста АҚШ жүргізген операция кезінде қаза тапқан әскери қызметкерлерді еске алу мақсатында жеті күндік аза тұту жариялады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Президент Николас Мадуроны қорғау кезінде қаза тапқан жас азаматтардың құрметіне жеті күндік аза тұту жариялау туралы шешім қабылдадым. Бұл – оларға деген біздің тағзымымыз», – деді ол.

АҚШ 3 қаңтар күні Каракаста әскери операция жүргізіп, Николас Мадуро мен оның жұбайы Силия Флоресті Нью-Йоркке алып кеткен еді. Сот венесуэлалық саясаткерге «наркотерроризм» айыбын таққан. Мадуро өзіне тағылған айыпты мойындамады.

Венесуэла қорғаныс министрі Владимир Падрино Лопестің айтуынша, президент резиденциясын басып алу кезінде америкалық арнайы жасақ өкілдері мемлекет басшысының күзетшілерін өлтіріп кеткен.

Венесуэла үкіметі америкалық операция салдарынан қаза тапқандардың жалпы санын ресми түрде жариялаған жоқ. Әскерилердің мәліметінше, Венесуэла тарапынан 23 адам қаза тапқан. Ал Куба билігі Мадуроның қауіпсіздік тобына кірген 32 азаматтың көз жұмғанын хабарлады. 4 қаңтар күні The New York Times басылымы венесуэлалық жоғары лауазымды шенеунікке сілтеме жасап, қаза тапқандар саны кемінде 40 адамға жеткенін жазды.

评论