Алматы қаласында Тәуелсіздік күні қарсаңында жаңа заманауи кітапхана ашылды

103
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/mliuRuqHHquVRcZYL9IFImem5cYzXqqBJkwtkT2o.jpg

Кітапхана дәстүрлі кітап мәдениеті мен заманауи цифрлық технологияларды өзара үйлестіре отырып, қала тұрғындары үшін қолжетімді, ашық әрі көпфункционалды мәдени және білім беру алаңы ретінде жобаланған. Жаңа форматтағы бұл кеңістік білім алуға, шығармашылықпен айналысуға, зияткерлік әлеуетті дамытуға және мәдени қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған.

Жаңа кітапхананың салтанатты ашылу рәсіміне Алматы қаласының тұрғындарымен қатар қала басшылығының өкілдері, ғылым мен мәдениет саласының көрнекті өкілдері, белгілі ғалымдар, жазушылар, әдебиеттанушылар және қоғам қайраткерлері қатысты. Іс-шара барысында кітапхананың негізгі бағыттары мен алдағы даму жоспарлары таныстырылып, оның қала өміріндегі рөлі жан-жақты атап өтілді.

Кітапхананың бай кітап қоры мен заманауи материалдық-техникалық базасы әртүрлі жас санатындағы және қызығушылығы алуан түрлі оқырмандардың сұранысын толықтай қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Мұнда компьютерлік зал, жеке жұмыс істеуге арналған тыныш оқу аймақтары, сондай-ақ топтық кездесулерге, пікір алмасуға және шығармашылық жобаларды жүзеге асыруға арналған арнайы кеңістіктер жабдықталған. Барлық аймақтар оқырмандардың ыңғайлы әрі тиімді жұмыс істеуіне лайықталып жасалған.

Сонымен қатар, кітапханада келушілердің уақытын мазмұнды әрі жайлы өткізуі үшін барлық жағдай қарастырылған. Ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған арнайы бейімделген жұмыс орындары орнатылып, инклюзивті орта қалыптастырылған. Көру қабілеті төмен оқырмандар үшін ірі қаріптегі, сондай-ақ арнайы форматтағы әдебиеттер қоры жинақталып, қолжетімділікті арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілген.

Іс-шара барысында сөз сөйлеген Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов жаңа кітапхананың қаланың мәдени және рухани өміріндегі маңызын ерекше атап өтті.

«Кітапхана – қаланың рухани тынысын айқындайтын орын. Біз өз тарапымыздан қала тұрғындарына жаңа білім нәрімен сусындауға, жан-жақты дамуына жағдай жасап отырмыз. Бұл кітапхана тек кітап оқитын орын емес, ой мен идея тоғысатын заманауи мәдени орталық», – деді Абзал Нүкенұлы.

Кітапхананың ерекше жобаларының бірі – балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған «Оқы – ойна!» жобасы. Аталған жоба аясында балалар аймағында PlayStation 5 орнатылып, ойын мен оқуды ұштастыратын тың формат ұсынылған. Бұл бастама балалардың кітапхана кеңістігіне деген қызығушылығын арттырып, олардың кітапқа жақындығын ерте жастан қалыптастыруға және оқу мәдениетін дамытуға ықпал етеді.

Салтанатты жиында сөз алған әдебиеттанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қансейіт Әбдезұлы да жаңа кітапхананың тәрбиелік және мәдени маңызына тоқталды.

«Кітапхана – болашақ оқырманды тәрбиелейтін маңызды мәдени орта. Мұндай заманауи әрі толық қолжетімді кеңістіктің ашылуы жастарды кітапқа жақындатып, оқырман мәдениетін жаңа деңгейге көтереді», – деді Қансейіт Әбдезұлы.

Жалпы алғанда, бұл бастама Алматы қаласының мәдени инфрақұрылымын одан әрі дамытуға, оқырман мәдениетін жаңғыртуға, сондай-ақ ұлттық рухани құндылықтарды нығайтуға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланып отыр. Жаңа кітапхана қала тұрғындары үшін тек білім алу орны ғана емес, сонымен қатар шығармашылық пен зияткерлік дамуға жол ашатын орта болмақ.

Айта кетейік, қалалық жаңа кітапхана Розыбакиев көшесі, 247-үй, 7-блок мекенжайында орналасқан. Ол қала тұрғындары мен қонақтары үшін күнделікті сағат 08:30-дан 20:00-ге дейін, демалыссыз қызмет көрсетеді.

评论
其他材料